Нұр-Сұлтан
Қазір
7
Ертең
10
USD
444
-0.47
EUR
475
+0.97
RUB
4.8
+0.04

Қауіпті кезең – ҰБТ келе жатыр. Балаңызға сақ болыңыз!

156

Бүгінгі әңгімеміз биыл он үшінші рет өткізілгелі отырған ҰБТ мәселесі емес, одан кейін орын алуы мүмкін балалар мен жасөспірімдердің өз-өзіне қол салу мәселесі. Өйткені, былтыр тек осы бір айдың ішінде мектеп бітіруші түлектердің арасында 6 суицид оқиғасы тіркеліп, оның 5-еуі қайғылы аяқталған.

Баланың немесе жасөспірімнің суицидке бейім болып жүргенін мынадан байқауға болады. Өмірде бұрын қуаныш сыйлайтын, бақыт әкелетін заттардан ләззат алуды сүйсінуді доғара бастайды. Қылықтары мен көңіл-күйі нашарлап, талғамсыз бола бастайды. Бойын үмітсіздік, кінәмшілдік билеп, өзін-өзі жиі сынап, ашуланшақ бола бастайды. Кейбір жағдайда қимыл әрекеті бәсеңдесе, енді біреулері керісінше, шағымдануға, кінәлауға, дереу жауап қатып, жанжалдасуға дайын тұрады. Ұйқысы бұзылып, жиі шаршайтын болады. Дірілдеу, ерні кезеру және дем алысының жиілеп, ешқандай себепсіз басы, бүйірі немесе іші ауырып, соматикалық белгілер кездеседі. Ауру адам өзін қажетсіз, пайдасыз сезініп, өмір сүру түкке тұрғысыз деген шешімге келеді.

Жалпы суицидке кімдер бейім?

  • Бұрын да суицидке оқталғандар (аяқталмаған). Кейбір мәліметтерге қарағанда, бұлардың пайыздық көрсеткіші 30 пайыз құрайды
  • Тура немесе жасырын түрде суицидтік қорқыту әрекеттерін жасағандар
  • Өзіне-өзі зиян келтіруге (аутоагрессия) бейімдер
  • Отбасында суицид оқиғасы болғандар
  • Ішімдікке салынғандар. Ішімдікпен ауыратын адамдардың суицидке бару мүмкіндігі өте жоғары. Бұлардың 25–30 пайызы суицидке бейім тұрады.
  • Есірткі және токсикалық (иісті) заттарды үнемі қолданатындар. Бұлар адамның өзін-өзі бақылай алу қабілетін төмендетіп, депрессияны күшейтеді немесе, тіпті, психозды қоздырады.
  • Аффектілік бұзылыстар, әсіресе ауыр депрессияға (психопатологиялық синдром) шалдыққандар
  • Созылмалы немесе өлімге әкелетін аурулармен ауыратындар;
  • Жұбайы, әке-шешесі немесе баласы секілді өте жақыны қайтыс болып, ауыр қайғыға душар болғандар;
  • ажырасу, жары көзіне шөп салып масқара болу, ары тапталу, жыныстық, т.б. зорлық-зомбылық құрбаны болғандар.

Алибаева.p

Рауан Әлибаева

Психолог Рауан Әлибаеваның айтуынша, өзін-өзі өлтіруге, көбінесе, жеке бас мәселелері итермелейді. Яғни,

“Қазіргі таңда жастар өз өмірлерін бағалай алмайды. Егер, бір проблеманы шеше алмай жатса, өз өмірлерін қиюға дайын тұрады. Өйткені олардың ойынша, тек осылай ғана тыныштық, уайым-қайғысыз өмір және махаббат табатын сияқты. Көбіне, жасөспірімдер мен балалар өздерін жерлеу рәсімін, ата-аналарының өзін жоқтаған сәтін көз алдарына елестетіп, олардан өш алмақ болады. Сондай-ақ, суицидке әлеуметтік жағдайлар, жалғыздық та итермелейді. Жалпы, қоғамдағы өмір нашарлаған сайын, суицид те көбейе түседі”.

Ал, логотерапевт Әділбек Нәби болса, суицидтің пайда болу себебін былай түсіндіреді.

1907543_800980303342242_168943250811630413_n

Әділбек Нәби

“20 ғасырдың басында неміс философтары адамның болмысын үш қабатқа бөлген. Биологиялық, психофизикалық және рухани. Кез-келген адамды зерттегенде, осы қабаттарын негізге алады. Суицид факторын қарағанда біз осы зерттеу әдісіне сүйенеміз. Мысал келтірейік. Балаға, биологиялық тамақ дұрыс берілмесе, оның денсаулығы нашарлап, иммунитеті төмендейді. Яғни, биологиялық қабаты әлсірейді. Екіншіден, жылы сөз бен мейірімге тоймаған бала қатыгез болып өсуі мүмкін. Яғни, мінезінде олқылықтар пайда болады. Бұл психофизикалық қабаты. Адамның үшінші қабаты рухани деп аталады. Егер оған да дұрыс көңіл бөлінбесе, депресияға тез түсетін, рухани әлсіз болып өседі. Сондықтан суицидтен бір оқушы өлсе, біріншіден оның биологиялық қабатын зерттейміз. Қарны тоқ, көйлегі көк болса, психофизикалық қабатын зерттейміз. Егер төрт құбыласы түгел болса, рухани қабатын зерттеуге өтеміз. Қазақстанда суицидтен көз жұматын адамдардың 90 пайызға жуығы рухани қабатының әлсіреуінен болады. Әрине, оқушы аштықтың немесе әке-шешесінің, достарының жоғынан өлмейді. Барлығы әке-шешенің жеткілікті деңгейде рухани азық бере алмауынан туындайды. Ал, психологтардың көбі суицидті зерттегенде, үнемі оқушының психофизикалық қабаты мен рухани болмысын шатастырып алады. Біздегі суицид проблемасының оңды шешілмейтіні де осыдан”.

Суицидтен құтқару үшін не істеуге болады?

1. Егер, белгілі бір тұлғаның өзіне қол жұмсағалы жүргенін байқасаңыз, оның негізгі мәселесін, тілек-талаптарын білуге талпыныңыз. Одан әрі жанашыр жандармен ақылдасып, оны шешуге ұмтылыңыз.

2. Тек сөзбен ғана емес, іспен жәрдемдесіңіз. Себебі, жар шетінде тұрған адамға құр ақыл жәрдем бермеуі мүмкін.

3. Суицидке баратын адамдар, әсіресе, қатты оқшаулану сезіміне берілгіш болады. Соған байланысты олар сіздің ақыл-кеңестеріңізді қабылдауға құлықсыз. Олар көбінесе өздерінің жан-жарасын, уайымдарын талқылауды қажет етеді. Яғни, оны «Менде өмір сүруге тұрарлықтай ештеңе жоқ» деген сияқты сөздермен жеткізеді. Егер адам депрессияға ұшыраған болса, онда онымен әңгімелескеннен гөрі, оған өзі туралы көбірек айтқызған дұрыс болады. Сіз ол адамның жан жарасын білдіретін сөздерін, мейлі ол уайым, қайғы, кінә, қорқыныш немесе ашу-ыза болсын, тыңдай білсеңіз, оған баға жетпес көмек бергеніңіз. Тіпті, кейде жай ғана үндемей онымен бірге отырсаңыз да, бұл сіздің оған деген қамқорлық қатынасыңыздың, оның тағдырына немқұрайлы қарамайтыныңыздың дәлелі бола алады.

4. Шиеленіскен жағдай шешілгенге дейін немесе көмек келгенге дейін оның жанында барынша ұзақ қалуға тырысыңыз немесе біреуге тапсырыңыз. Тіпті, жедел жәрдем стансасына немесе емханаға хабарласу керек.

5. Ашық түрде әңгімелесуге тырысыңыз. Себебі, мұндай жағдайға душар болғандар, оқшауланып, өзін-өзі жегідей жеуге бейім болғандықтан, іштен тынады. Ал, сізбен ашық әңгімелесіп, шерін тарқатқанда ғана ол іштей жеңілдеп, проблемасын шешуге болатынына көз жеткізуі мүмкін.

dovedenie_do_samoubiistva

 

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз