Нұр-Сұлтан
Қазір
4
Ертең
6
USD
445
-1.34
EUR
474
-1.25
RUB
4.76
-0.02

Мария Мудряк: “Өнерім – өмірім…”

1483

“Бәлкім, мен басқаларға ұқсамаған шығармын. Ойын қумаған болармын. Бірақ, менің балалық шағым өте қызықты, әрі бақытты өтті. Себебі, бала жасымнан бастап өмірлік сүйікті ісіммен айналыстым. Бұл маған ерекше ләззат сыйлады. Ой-өрісімді өсірді. Өнердің арқасында бала кезімнен бастап шартарапты шарладым. Өзім сияқты өнер жолындағы адамдардармен таныстым. Менің өмірім – өнерім. Өнерім – өмірім. Мен тек музыка деп өмір сүремін. Онсыз бұл тіршіліктің мәні жоқ мен үшін”, – дейді Маша. 

Шын сөз. Нағыз өнер адамының сөзі бұл. 

Ол да қазір ел аузынан түспейтін Димаш Құдайбергеновтың жетістігін қайталаған. Тек басқа байқауда.

Еуропаны бағындырған…

2011 жылы Италияда өткен ұлттық ән байқауында жеңіп шығып, Италиядағы ең жас әрі ең талантты әнші атанады. Бұл байқау тұтас Еуропаға тікелей эфир арқылы таралған болатын. Ол осылайша топжарған. 

Бұл ғана емес. Жерлесіміздің топжарған бәйгелерін санамаласақ он саусақ түгел бүгіледі екен.

 Нидерландының астанасы Амстердамда өткен «Beivebere» классикалық ән байқауында әлемнің он үздік сопранолардың қатарына еніп, абыройымызды асқақтатқанын да ұмытқан жоқпыз. 

Ол Павлодар қаласында өмірге келді. 18 жасында Джузеппе Верди атындағы әйгілі Милан мемлекеттік консерваториясын тәмәмдады. Он жасында Ла Скала театрының жанындағы миландық жоғары музыка мектебіне қабылданып, кейін Мемлекеттік консерваторияға түсіп, ең жас студент атанғаны белгілі.

Дәл қазіргі таңда ол әлемдегі ең танымал деген опера әншілерінің бірі. Жоқ, мұнымыз мақтау емес. Шындық. Өнерде барлығына өз еңбегімен, өз күшімен жеткен Машаның бүгінгі күнгі жетістігі. 

Ол бұл деңгейге қалай жетті? 

Осы арадан сөзімізді үзейік. Ол бұл деңгейге қалай жетті? Өнер мамандары, сарапшылар Маша Мудряк туралы қандай пікірде. 

Мұны да білдік. Мұны да анықтадық. 

Сарапшылардың пікірінше Машаның үнінде колоратурамен астасып жатқан драматикалық сопрано бар. Қазақшалап айтқанда әдемілік, әсемдік ең бастысы үйлесімділік бар.

“Әлемде даусы мұндай қасиетке ие әншілердің саны саусақпен санарлық қана” дейді өнер майталмандары. 

Маша Мудряктың дауысын сарапшалар әйгілі опера әншісі – Мария Калласпен даусына қатты ұқсатады екен. 

Ең қызығы Машаның өнердегі, ән әлеміндегі табынатын адамы да осы Мария Каллас. 

“Мен оны өнердегі кәсібиліктің ең жоғары шыңына жеткен майталман деп бағалаймын. Кейбір әріптестерім бұл жайында: “Маша Мудряк пен Мария Каллас бір адам. Машаның орындау мақамы әйгілі опера әншісінің стиліне қатты ұқсас. Бұл екеуі шынымен де бір адам. Беллисимо!”, – деп әзілдейді. Жасырмайын, бұл шындық. Маған Калластың өнердегі мұрасы өзімді өнер жолына берілген әнші ретінде тәрбиелеуге көп көмектесті”, – дейді жерлесіміз. 

Адамды туған жеріне тартады. Жырақта жүрсе де жерлесіміз туған жерін әсте естен шығарған емес.

“Тартып тұрады. Туған жердің топырағы ыстық. Содан да шығар Қазақстанға жиі келуге тырысамын. Түрлі концерттер мен мәдени іс-шараларда өнер көрсетемін. Жо-жоқ, бұл мені шаршатпайды. Халқыңның ықыласына бөленгенге ешнәрсе жетпейді ғой. Мен Қазақстанды әлемдік өнер сахнасында танытып жүргенімді мақтан тұтамын” дейді Маша. 

Оның “Астана Опера” театрында әйгілі Джузеппе Вердидің “Травиата” операсындағы Виолеттаны сомдаған сәті көпке дейін өнер сүйер қауымның есінде сақталары анық. Дәл қазіргі таңда ол “Астана Операның” әншісі. 

“Өкінішке орай, менің жұмыс кестем 2018 жылға дейін жоспарланып қойған. Содан шығар “Астана Операда” тұрақты өнер көрсете алмаймын. Дегенмен де жылына екі-үш рет міндетті түрде ән кешімді өткізуге тырысамын. Ал өзге уақыт? Мен де бос уақыт жоқ қой. Бос уақыттың барлығы дайындыққа кетеді” дейді ол. 

Ол Қазақстанды қалай насихаттайды? 

Машаны бағалау керек. Бәлкім естіген шығарсыз, естімеуіңіз де мүмкін. Жерлесіміздің ерекше бір қасиеті бар. 

Әлемдік деңгейдегі сахналарға шыққанда қойылымның афишасына міндетті түрде өзінің Отаны, туған жері – Қазақстанның атын жаздырады екен! 

Керемет емес пе?! Міне, оны сол үшін де бағалау керек! 

Бағаладық та. 

Сыртқы істер министрлігі тарапынан жерлесіміз елдің шетелдегі имиджін жарнамалауға, насихаттауға қосқан үлесі үшін алғыс алған. Марапатталған. 

“Шынымды айтсам, “Астана Операда” өнер көрсеткенде қатты қобалжимын. Қорқыныштан емес, қуаныштан. Бұл қуаныш қобалжуы іспетті. Неге дейсіз бе? Себебі, өнерді бағалай білген еліммен мақтанамын”, – дейді Маша Мудряк. 

 

Өнердегі атқарған ісіне, сомдаған рөлдеріне қарап оны операның ардаргері деп ойлап қалуыңыз мүмкін. Жоқ. Мария небары 23 жаста.

Осы жасында Италиядағы ең абыройлы деген Жоғарғы музыка академиясының және Джузеппе Верди атындағы мемлекеттің консерваториясының дипломын алып үлгерген. 

Ойлап көріңізші, осы жасына дейін ол әлемдегі ең үздік деген опера театрларында 12-ден аса сахналық рөлдерді сомдаған екен. Соның ішіндегі шоқтығы биігі  – Д. Вердидің “Травиата” операсы. Маша бұл қойылымда Виолетта Валеридің образын сомдаған тұғын.

Оның Италияға қоныс аударғандағы жолы, өмірі жеңіл болды ма? Жоқ, бұлай ойлайтындар қатты қателеседі. Ол көп қиындық көрді өмірінде…

“Бастысы, әрдайым мемлекеттің қамқорлығын, Елбасымыздың жақсылығын сезіндім. “Болашақ” бағдарламасы тарапынан бөлінген қаражатқа шешем екеуіміз пәтердің ақысын төлейтінбіз. Ал концерттік киімдерді маған өнерде қолдау білдірген аға-апаларым сыйға тартатын” – дейді Маша. 

Солай. Біздің айтпағымыз осы. Өмір жалғаса береді. Өнер жолы мен өмір жолы тым ұқсас Маша үшін. Машаны алда жаңа гастрольдар мен дайындықтар күтіп тұр. Жыл аяғында жерлесіміз Моцарттың “Фигаро той” операсында Сюзаннаның рөлін сомдайды. Сәттілік ендеше! 

Тоқ етері

Тәуелсіздіктің елең-алаңында өмірге келген ұрпақ қазір ат жалын тартып, азамат атанды. Әзіргі таңда бұл буын Қазақстанның өсіп-өркендеуіне бір кісідей үлес қосуда.  

Нұрсұлан Назарбаев ұсынған «100 жаңа есім» жобасынан Мария сияқты ұл-қыздарымыз орын алуы қажет. Жаһандық деңгейде көтеріліп, елдің атын шартарапқа танытқан өнер иелері көп те емес. Осы себепті Машадай аяулы қыздарымызды құрметтеп, олардың өмір жолын өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге қылып отырудың маңызы орасан деп есептейміз.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз