Маңғыстау облысындағы жантүршігерлік жол апатынан қаза тапқандар бүгін жер қойнына тапсырылды. Марқұмдарды ақтық сапарға шығарып салуға келген адамдардың қарасы көп, деп хабарлайды КТК.
Ал осы пойыз бен Газельдің соқтығысуынан зардап шеккендердің беті бері қарап келеді. Тіпті бірер күнде екеуін үйіне жіберу жоспарланса, жансақтау бөлімінде жатқан тағы екі сырқат жалпы палатаға ауыстырылмақ.
Газель мен пойыздың соқтығысуынан жапа шеккен 18 адам әлі күнге аурухананың травматология бөлімінде жатыр. Бірер күнде оның екеуі үйіне жіберілмек. Айсұлу Қармұсова сол шағын автобустың ішінде болғандардың бірі. Оның базардан азық-түлік алып үйіне келе жатқан беті екен. Бірақ апаттың қалай болғаны мойын омыртқасын зақымдап алған келіншектің есінде жоқ.
Бұған дейін Маңғыстауда жантүршігерлік жол апаты жайлы хабарланған еді.
«25 қараша күні сағат 14:20-да Маңғыстау облысы Өзен-Болашақ жол бөлігінде тепловоз бен «Газель» маркалы автокөлік соқығыс қалған. Өтпелі дабылдатпа құрылғысының жұмысында ақау болмаған. 60 км/сағ жылдамдықпен жүйткіп келе жатқан тепловоз жүргізушісі жолдағы автокөлікті көріп, шұғыл тоқтауға тырысқан. Бірақ апаттан қашып құтылу мүмкін болмады», – делінген хабарламада.
Жол апатына түскен 10 жасар қыз екі аяғынан айырылды. Апатқа қатысты теміржол өткелінің кезекшісі қамауға алынды.