Нұр-Сұлтан
Қазір
1
Ертең
-1
USD
449
-1.43
EUR
484
-3.48
RUB
4.86
0.00

Маңғыстауда теңдесіз жоба – күн электр стансасы іске қосылды

178

Міне, еліміз алға қойған амбициялық мақсат сөз жүзінде қалған жоқ. Арада көп уақыт өтпей сөз іске айналды.

«2017 жыл – Қазақстан халқы үшін табысты жыл болды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Астана қаласында күллі әлем назарын аударған «Болашақ энергиясы» ұранымен «ЕХРО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі кең ауқымда аталып өтті. «Болашақ энергиясы» жобасының түпкі мақсаты – тұрақты қуат көздерін басқаруды қамтамасыз ететін шешімдер мен әдістерге қоғамдастық назарын аудару болып табылды», – деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов теңдесі жоқ жоба – күн сәулесінен электр қуатын алатын станцияның ашылуы салтанатында.

Мұнайлы ауданы Батыр ауылында бой көтерген қуаты 2 Мвт күн сәулесінен электр қуатын алатын станцияның жалпы ауданы – 36,05 га, жоба құны – 1,2 млрд теңге. Нысан «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау және дамыту бағдарламасы арқылы қаржыландырылды. Электр станциясын пайдалану үшін 8580 күн панелі орнатылған. Панельдер Қазақстанда отандық кремнийден өндіріледі. Бұл – отандық өндірістегі күн батареяларында жұмыс істейтін тұңғыш электрлі станция. Жаңа қондырғы 300-ге жуық үйді таза электрмен қамтамасыз ете алады екен.

Жоспар бойынша, жаңа жұмыс орнына 70-80 адам жұмысқа алынып, одан бөлек жергілікті 50 тұрғын арнайы оқуға жіберілмекші.

Сәтті іске асқан бұл жоба осы өңірдегі келесі энергияны тиімді пайдаланатын жобаға жол ашып берді. Күн сәулесінен электр қуатын алатын станцияның ашылу салтанатынан соң оған қатысқан жауапты тұлғалар Құрық ауылында Теңіз суын тұщытатын зауыт құрылысының алғашқы тасын қалады.

Жоба құны – 39 млрд теңге. Қуаты тәулігіне 50 000 текше метр болатын зауыт жеке инвесторлардың қаражатымен салынбақ. Құрылыс кезінде 300 адам, пайдалануға берілген соң 150 адам жұмыспен қамтылады. Жобаның аяқталу мерзімі 2020 жылға белгіленіп отыр.

«Бүгінгі мереке күні аясында өңірімізде бірнеше ірі жобалар басталмақ. Құрық ауылында теңіз суын тұщыту зауытының жобалық-іздестіру және құрылыс жұмысын бастаудың орайлы сәті келді деп есептеймін. Бұған қоса Ақтау, Жаңаөзен, Жетібай, Мұнайшы, Құрық, Шетпе елді мекендерін ауыз сумен қамтамасыз ету және ауылшаруашылық саласын дамыту мәселесін толықтай шешуге мүмкіндік береді», – деді аймақ басшысы Ералы Тоғжанов.

Айта кетелік, жасыл экономиканың басты пайдасы оған құйылған қаржы өз-өзін ақтайды әрі қоршаған ортаға зиянды азайтып, Қазақстан мүше боп табылатын Париж климаттық келісімінің қағидаттарына сай болуда халықаралық аренадағы талабы мен міндетін қалтқысыз орындайды. Негізі, осы принцип Елбасымыздың 1992 жылы қорғаған диссертациясында жазылған еді. Ресурстарды үнемдейтін стратегия және баламалы энергия көздерінің нарығына өту тақырыбында жазылған ғылыми жұмыстағы Елбасымыздың идеясы, кеше ғана Астана төріндегі ЭКСПО көрмесінде көптеген жоба ретінде таныстырылып, ал бүгіндері соның бірі, міне Маңғыстауда нақты өз жемісін беріп жатыр.

ҚР Энергетика министрлігі 2050 жылға дейін елімізде өндірілетін энергияның 80 процентін баламы электр көздері құрайды деп болжап отыр. Бұл ретте Қазақстан үкіметі өндірілетін баламалы энергия көзінің үлесін 2030 жылға дейін 30 процентке жеткізу туралы алдына амбициялық мақсат қойды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметті „жасыл„ технологияға инвестиция салушыларды ерекше қолдап, ынталандыруға тапсырма бергендіктен, бұл бағыттағы жұмыстар соңғы кездері кәдімгідей қарқын алып келеді. Міне, бұл ел дамуының жаңа белесінің айқын айшығы.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз