2020 жылдың аграрлық маусымы фермерлерді құрғақшылықпен, су тапшы аймақтарда суармалы судың айтарлықтай жетіспеушілігімен, соның салдарынан оңтүстік-батыстағы ыстық жерлерде шөптің нашар шығуымен және мал азығы базасымен қамтамасыз ету қиындығымен қарсы алды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жақында Маңғыстауға жасаған сапарынан кейін шенеуніктерді уақытылы көмек көрсетпегені үшін және барлығына бірдей көрсетілмегені үшін айыптады. Шынында да, мемлекет бюджеттен 2 млрд теңге көмек бөлген, тағы 100 мың АҚШ долларын USAID және 200 мың еуроны Еуроодақ шаруаларға қолдауға ретінде бөлген.
Қасым-Жомарт Кемелұлының алдында өзім де Маңғыстаудың әсем жерлеріне барып, жағдайды бағаладым. Президенттің сөзін толықтай растауға болады – көмек облыстың ең түпкірдегі өңірлеріне жетпеген. Шалғай өңірлердегі өз көлігі бар епті, жылдам және пысықтаулары аудан орталығынан шөп немесе жем алу мүмкіндігін жіберген жоқ.
Кез-келген мал шаруашылығы төрт тірекке негізделген – генетика, азықтандыру шарттары, күтім шарттары және ветеринария.
Шын мәнінде, осы төрт негізгі қағида тек мал шаруашылығында ғана емес, өсімдік шаруашылығында да басшылыққа алынады. Және адамдар да дәл сол жануарлар тәрізді, оның өмір сүру деңгейі де сол принциптермен анықталады, алайда ветеринарияны медицина алмастырады.
Енді біздің маңғыстаулық жануарларға оралайық.
Маңғыстаудағы бірінші тармақ бойынша бәрі жақсы. Малдардың генетикасы тазалық тұрғысынан аса мәз емес, бірақ аймақ үшін одан жақсысын таба алмайсың. Егер ІҚМ туралы айтатын болсақ, Маңғыстау облысындағы сиырлар мен бұқалар негізінен тұқымға жатпайды, “аула ішіндегілер” деп аталатындар — ДНҚ-да болуы мүмкін барлығының қоспасы. Қатал табиғат жағдайында өмір сүруге мүмкіндік беретін гендер басым.
Бұл жерде кез-келген асыл тұқымды малдың, мейлі ол ет тұқымды (қазақтың ақбас сиыры, ангус, герефорд немесе Әулиекөл) немесе сүт (холштиндер) бағытындағы болсын, олардың мұнда тіршілік етуіне мүмкіндік жоқ екенін түсіну маңызды. Тіпті “мықты” ет-сүт симменталдары да жем мен күтім тапшылығына тап болады, немесе оларға кететін шығын өнімдердің өзіндік құнынан жоғары болады.
Жағдайды толық түсіну және мал шаруашылығының келесі негізгі жағдайларын бағалау үшін “егіншілік” және “қосалқы шаруашылық” ұғымдарын нақты бөлу керек.
Егер сізде екі сиыр, түйе және бес тауық бар болса – бұл қосалқы шаруашылық. Егер сіз мал мен оның өнімдері — сүт, ет, жұмыртқа немесе өсірілген көкөністер мен жемістер есебінен өмір сүрсеңіз — сіз фермерсіз. Қайта өңдеуге қосымша құн қосылатын болса, тіптен жақсы.
Тек қана ауыл шаруашылығы өнімдері есебінен отбасын асырайтын және қамтамасыз ететін фермерлер Маңғыстауда онша көп емес. Көбісі малды асырауға жағдайлары бар болғандықтан ұстайды. Бұл бізге таныс 200 қой немесе кішігірім фермерде бар 50-100 сиыр емес. Мұнда 50 бас ұсақ мал — отар, 20 жылқы – үлкен табын және т.б. болып есептеледі.
Көптеген ұсақ фермерлерде ауылшаруашылық өндірісі – бизнестің негізгі түрі емес, бизнеске көмек немесе дәстүрге құрмет.
Мысалы, Тәжікан Ізтұрова – қазір зейнеткер, білімі бойынша дәрігер, жеке емхананың иесі.
“Байболат” ШҚ ресми түрде 2009 жылы ғана тіркелсе де, Тәжікан Соболаққызы ауыл шаруашылығымен 20 жылдан бері айналысып келеді.
Қазір шаруашылықта 700-ге жуық жылқы, 220 түйе және 500-ге жуық ұсақ мал бар.
ШҚ-ның өз жері бар, шамамен 3000 га жайылым. Алайда қазір олар мал жаюға жарамсыз, ШҚ малды көрші Ақтөбе облысына айдап баруға мәжбүр болады. Бақытына орай, ол жақта жері бос жатқан туыстары бар. Өкінішке орай, маңғыстаулық фермерлердің барлығында мұндай мүмкіндік жоқ.
Тәжікан Соболаққызының айтуынша, үшінші жыл қатарынан қыста қар, ал жазда жаңбыр жаумады, ал 2021 жылы облыстағы жағдай қиын деңгейге жетті.
“Мал теңселіп әрең жүр, суық түссе – көбісі өледі. Жаңбыр жаумады, тіпті қыста үшінші жыл қатарынан қар болмады, жыл сайын мал азығының жағдай нашарлауда. Билік жасанды жаңбыр технологиясын қолданамызды дейді – соған үміттеніп отырмын”, – дейді фермер.
2021 жылы Изтуровтарда 10-ға жуық ересек жылқы өлген, алайда жаңа туған лақтар арасында үлкен шығын болды. Қыс қатты суық, аязды және қарсыз болды. Лақтар Маңғыстауда өмір сүру және азықтандыру жағдайының ауырлығын бағалап үлгерместен, туыла салып өліп жатты.
Қазір Изтуровтардың ешкілері, қойлары мен жылқылары Ақтөбе облысына көшіп келді, өйткені онда шөп, жем және ең бастысы — су бар.
Тағы бір фермер Асхат 1996 жылы жабылуға шешім қабылдаған жергілікті ауылшаруашылық кооперативінің құлаған туын көтерді — жылқы өсірді.
Оның фермасында 500-ге жуық жылқы мен біраз түйе бар (фермердің өзі біраздан бері “дала кемелерін” санамаған) және бұл малға бар-жоғы 500 га жайылымы бар.
Бірақ мұны жайылым деп атауға тілім де бармайды – құрғақ шөлейт аймақ, жергілікті жәндіктер өліп жатқан, жеуге жарамды қылтиған бір түйір шөбі жоқ, тек жел ғана целлофан пакеттер мен пластикалық бөтелкелерді ұшырып жатқан дала. Тіпті молшылық бар солтүстіктегі шөпті жерлердегі 500 га жайылым да 500 бас ірі қара малға азық бола алады, бірақ жылқыларға емес.
Асхат – өзінің шопаны бар сирек кездесетін фермер. Қалғандарында мал ферманың айналасында өздігінен жайылады.
Қосалқы шаруашылықтарға келетін болсақ, мұнда да жайылым басқаша және солтүстік аймақтар үшін ерекше. Ауыл шопаны жоқ, ауыл табынына ешкім қарамайды – малды таңертең далаға шығарып жібереді, және ол өз бетінше жайылады. Кейде мал түс кезінде оралады, ал егер ауыл шетінде су жоқ болса, онда күніне бірнеше рет су ішуге келеді, содан кейін оларды кейде автокөлікпен, кейде атпен қайтадан бос жайылымдарға айдап апарады.
Жалғасы бар…
Барлық фотосуреттер автордікі