Ақтөбенің кішкентай тұрғыны Махаббат Ешімоваға 3 бөлмелі пәтер сыйлаған кәсіпкер Қайрат Құдайберген пәтерге таласып, шу шығарған көрші әйелге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Ақтөбеде көктемгі су тасқыны кезінде үйі қирап,баспанасыз қалған Махаббат Ешімованың жаңа пәтері кешеден бері ел аузында. Кішкентай қыздың көршісі Нұргүл Бақытова үйдің апат кезінде құламағанын айтып, Махаббаттың отбасын «менің үйімді пайдаланып пәтер алып кетті» деп айыптаған болатын.
Тасқын кезінде барынан айырылып, қайырымды жандардан көмек сұрап жылаған қызға пәтер сыйлаған кәсіпкер Қайрат Құдайберген осыған қатысты пікір білдірді.
«Махаббат Ешімованың көршілерінің айтқанын естіп қатты қапаландым. Бір әйел Ақтөбе облысындағы су тасқыны кезінде баланың үйін су баспағанын, Махаббат бөтен үйдің қасында суретке түсіп, осының арқасында үйге қол жеткізгенін айтып шағымданды. Бірақ бұл суреттер камераға кездейсоқ ілігіп қалған. Ал зардап шеккен отбасының үйі қандай күйге түскенінен біз хабардармыз, мына суреттер сөзімнің айқын дәлелі.