Die Welt неміс газеті Берлиндегі „Азат етуші жауынгер„ кеңес монументінде қашалып жазылған — 1941-1945 деген датаға қатысты күмән білдіреді. Мақала авторы Михаэл Штюрмердің пікірінше, соғыс бұдан екі жыл ұзағырақ болған, ал бұл ескерткішті орнатуды бұйырған Сталин мұнысымен „өзінің екі жылдық қылмысын жасырмақ болған-мыс„.
Неміс газетіндегі „Орыстар үшін Екінші дүниежүзілік соғыс 1941 жылдан 1945 жылға дейін ғана жалғасқан„ атты мақалада:
– 1945 жыл дегені түсінікті. Ол ІІ Дүниежүзілік соғыстың аяқталғанын білдіреді. Ал 1941-ге қатысты дау бар. Шынымен де бұған дейін сонда ештеңе болмағаны ма? Бұлайша 1939 жылғы қысқы соғысты жадыдан өшіріп тастауға болады ғой. Ол кезде Кеңес одағы көрші Финляндияны қосып алмақшы болған. Кішкентай Финляндияның біршама территориясын аннексиялап та алған. Ол кезде финдер қайтпас қайсарлық танытпағанда қазіргі Финляндиядан түк те қалмас еді, – дейді автор.
Одан кейін Штюрмер 1939 жылғы 23 тамыздағы Гитлер мен Сталин арасында қойылған пактіні еске алады.
„Оны бетперде тұтылған келісім деп айтса да болады. Өйткені ол еуропалық бейбіт тәртіптің күл-талқанын шығарды. Ол кезде қос тиран бірін-бірі болашақ соғыстан сақтандырып, олжаны өзара бөлісуге келіскен. Ол пакт Польшаны бөлуді көздеді, ал Балтық жағалауындағы үш елді КСРО-ға „жемтік„ ретінде лақтырды.
Сондықтан
Сталин Берлиннің қақ ортасында ескерткішті орнатуды бұйыру арқылы екі жылдық қылмысын жоқ қылуды көздегенін түсінуге болады„
– дейді Штюмер.
Тарих ғылымының докторы, профессор Талас Омарбеков бұл жарияланымнан кезіндегі қос тиранның іс-әрекетін әлі бір-біріне жабуы жалғасып жатқанын байқауға болатынын, оның қазір ешкімге пайдасы жоқтығын айтады.
– 1941-1945 – Ұлы Отан соғысы жылдары. Тіпті, кезінде КСРО құрамында болған мемлекеттер қазір бұл датаны басқалай деп айтады.
Сталиннің ұлты — грузин. Бірақ Грузия да оны “Ұлы Отан” соғысы деп санамайды.
Қазір көптеген Кавказ елдерінде 9 мамыр — қасірет күні ретінде аталып өтеді. Мұны мүмкін немістер білмейтін шығар.
Ал ІІ-ші Дүниежүзілік соғыс 1939 жылдан басталғанын тарихшылар баяғыда дәлелдеп, ол баршамен мақұлданған. Сондықтан неміс газетінің тілшісі бұл арада бірнәрсені дұрыс түсінбей қалған секілді. Әрине, уақыт көп нәрсені өз орнына қояды.
Тәуелсіздік көзімен қарасақ, ІІ-ші дүниежүзілік соғыс –
бүкіл әлемді билеп-төстегісі келген неміс пен Еуразиялық аймаққа билік жүргізгісі келген орыстың – екі тоталитарлық жүйенің қақтығысы.
Ал қазақтар ол соғысқа еріксіз барды, көптеген Еуропа елдерінің немістер үшін еріксіз соғысқаны секілді. Сондықтан да 9 мамыр датасы тарихшылармен қайта қарастырылып, бағаланған. Ол посткеңестік кеңістіктегі көп елде „жеңіс емес, қасірет күні„ ретінде аталып өтеді, – дейді тарихшы.