Танымал ақын, сазгер Үміт Битенова бала кезіндегі басынан өткен “қорқынышты” жағдайды баяндап беріпті. Оқиық.
Балдай тәтті балалық шағым Жамбыл облысы Меркі ауданы К.Маркс колхозында өтті. Бала күнімде живопиське әуестендім, сурет салуға деген құмарлығым ерекше еді. Алайда, менің қызығушылығым мұғалімім тарапынан үлкен тыйымға кезігіп, «трагедияға» ұшырай жаздаған. Бастауыш сыныпта.
Өзі пәлен тиынға сатып алынған, құнды, «Тетрадь для рисования» атты көлемді, он екі бетті, алты парақты әлгі қалың дәптерімді біресе шкаф түбіне тығып, біресе жастық астына жасырып, атеизм аспанында төбеден Құдайдай төніп тұрған қызыл жағалы милиционерлер бәрібір тауып алса, мені оңдырмасын біліп, неше күнді қорқынышпен батырып, неше таңды қорқынышпен атырғаным есімде. Тіпті, бар сүйенішім – шешеме де білдірген жоқпын.
Ауылдың орта мектебіне арнап, оң қолын оң жақ шекесіне тақай көтеріп тұратын шәпкелі Лениннің кішігірім үйдің бір қабырғасын алатындай рамкалы полотноға майлы бояумен салынған көркем түсті бейнесін жазған әкемнің тезірек қайтыс болып, орган қызметкерлерінен «құтылып кеткеніне» де қуанып, өзімді-өзім жұбатқанымды қайтейін… Суретті салғызған мектеп басшылығы шындап келгенде әкемді қорғай алмай қалуы да ықтимал еді ғой… Жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында бояуы жаңа сиямен бастырылып, жаңаланатын ол сурет біздің орта мектебіміздің ескі ғимаратының сыртқы кіреберіс есігінің көрнекті жерінде біз есейіп кеткенше ілулі тұрды. Мектепке кірген-шыққан сайын сегіз қырлы, бір сырлы әкемнің сиқырлы саусақтарының табы қалған әлгі күн көсемнің «Оқы, оқы және оқы!» деп жымиятын мейірімді жүзіне сырт көзден тасалана, мейірлене қарайтын әдетім сонда пайда болды. Ал оның суретін салудан қалған бір мысқал үрей әлі күнге бойымда әлдебір жағдайларға күдік туғызып, күмән келтірердей жайсыз сезімдер пайда бола қалса, менмұндалап атой сап, бас көтеріп қоятыны бар…
Шүкір, еліміз тәуелсіздік алып, бір Жаратқан Иемізден басқа ешкімнен қорқуға тұрмайтынын түйсінгелі бері тілімді кәлимаға келтіріп, әлгі сортаңы шыққан сормаңдай «стреске айналған шокты» тізгіндеп келем, әйтеуір!..
Содан,.. бала кезімде :
«Әкем менің суретші,
Салып ед талай суретті,
Әкеңдей бол деп Анам
Сызуды маған үйретті», – деп шумақтар шығаратын менің ең басты арманымның балауса тынысы осылай тұншықтырылған.
…Енді екі күннен кейін, 22 сәуір –Лениннің туған күні…
Дайындаған Айнұр Оңғарбай,
Дереккөз: oinet.kz