Қазақ тілін латынға көшіруді ең бірінші қай саладан бастау керектігіне қатысты мамандар өз пікірін білдірді.
Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қазақ тілін кирилл жазуынан латын графикасына көшіру туралы Жарлыққа қол қойды. Сөйтіп, бір жыл бойына талқыланған латын қарпінің нұсқасын бекітіп берді. Енді мамандар оны енгізуді қай саладан бастау керектігіне қатысты ұсыныстарын айтып жатыр.
Мәселен, саясаттанушы Айдос Сарым латын қарпіне өтуді, ең алдымен, Парламент заңдастырып, арнайы заң қабылдауы керек деп санайды.
– Ендеше, ол заң латын қарпінде жазылуы тиіс, – дейді ол.
„Сонда ол тұңғыш латын қарпімен жазылған заң болады, тарихта мәңгіге қалады.
Есесіне, депутаттарымыз да тіл жаттықтырып, қиямет-қайымын бірінші боп көріп, бірден олқылығын жол үстінде жөндесе, жақсы болар еді„, –
деп жазды Facebook-тегі жеке парақшасында Айдос Сарым.
Ал ҚР Бiлiм және ғылым министрi Ерлан Сағадиев бірер апта бұрын латын қарпiн енгiзу жұмысын мұғалiмдерден бастайтынын айтып қалып еді.
«Латын қарпiн енгiзу кестесiн жасаймыз. Енгiзу кестесiн депутаттармен, халықпен ақылдаса отырып жасап, президентке көрсетемiз. Осыдан кейiн барлығы бiр келiсiмге келсе, кестеге сәйкес жұмыстарымызды жасай беремiз.
Ең алдымен, бiз мұғалiмдердi даярлауымыз керек.
Ұстаздар жеткiлiктi болғанда, олар өздерi «ендi енгiзуге болады» деп айтқан жағдайда, жұмысты одан әрi жалғастырамыз.
Жалпы, дайындық жұмыстарына қанша уақыт кететiнiн бiлмеймiн. Қазiр бұл туралы айту ерте», – деген еді министр.
Елбасы бүгін қол қойған қазақ тілі әліпбиінің кириллицадан латын графикасына көшірілуін қамтамасыз ету мақсатында жариялаған жарлығында, ең алдымен, қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия құрылатыны, одан соң, қазақ тілі әліпбиінің 2025 жылға дейін латын графикасына кезең-кезеңімен көшетіні айтылады.
Кезінде Совет үкіметі араб графикасында болған қазақ тілі әліпбиін кириллицаға ат-үсті көшіре салып еді. Ал оның жанында бұл арада 8 жыл мерзім беріліп отыр. Осы жағынан алғанда, қамшы басып, бізді асықтырып жатқан ешкім жоқ.