Нұр-Сұлтан
Қазір
1
Ертең
1
USD
450
-0.49
EUR
487
-1.57
RUB
4.86
0.00

Латын әліпбиіне көшу, бұл ең алдымен, қазақ ұлтына бағытталған үндеу – саясаттанушы

276

Өйткені қазақ тілінде бизнес туралы бір де бір роман, бір де бір фильм жоқ, – дейді Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласына қатысты өзінің пікірімен бөліскен саясаттанушы Айдос Сарым ҚазАқпаратқа берген сұқбатында.

«Қазіргі уақытта латын қарпіне көшу мәселесі өзектене түсті, меніңше, бұл дұрыс. Ол не үшін қажет?

Бұл, ең алдымен, өркениетке бетбұрыс. Біз өзіміздің болмысымызды жаңаша пайымдауға аяқ басып келеміз. Тағдырлы жолды таңдауға көше бастағанға ұқсаймыз…

Біз барлығымыз қайтадан партаға отырамыз. Санамызда әлем туралы қалыптасып қалған түсінікті қайта сындырамыз.

Менің ойымша, осыған қатысты қоғам ішінде жақсы бір полемика орнауы тиіс сияқты. Содан кейін, мемлекеттік бағдарламалар жүруі қажет», – деп атап өтті Айдос Сарым.

Латын қарпіне көшуді газет-жорналдардан бастау керек

Саясаттанушының пікірінше, осы тақырыпты зерттеуге бөлініп отырған 2017-2025 жылдарды толық көлемде пайдаланған жөн.

«Біздің тілдік ерекшеліктерімізге қандай графика сай келетінін, қандай нұсқаны пайдалансақ, қазақ тілінің айырықша әріптерін жоғалтып алмаймыз деген сауалды анықтауға арналған ғылыми-зерттеу кезеңді айшықтап алу керек,

себебі кезінде әзербайжандар, түріктер осы мәселені уысынан шығарып алып, кейін осы үшін қатты өкінді. Демек, біз олардың тәжірибелерін, қателіктерін жан-жақты саралауымыз керек. Сонымен қатар, оның технологиялық қолданысын қамтамасыз етуіміз шарт», – деп жалғастырды ол.

Айдос Сарымның сөзінше, қазақ басылымдары біртіндеп латын қарпімен шығатын нұсқаларын да жариялауды неғұрлым ерте бастаса, соғұрлым бұл реформаның жүгі де жеңіл болады.

«Тренд бар екенін көріп отырсыздар.

Көптеген кәсіпкерлер өздерінің компанияларын атауда латын қарпін қолданып жатыр. Олар сыртқы жарнамаға да, тележарнамаға да шыға бастады.

Сондықтан бір жаңалық ашып жатырмыз деп айта алмаймын», – дейді ол.

Саясаттанушы, сонымен қатар, Президенттің қоғамның саналы болуына қатысты сөздеріне де тоқталды.

«Прагматизм – ол жақсы саясат, ол болуы тиіс.(…) Менің ойымша, кез келген жаңғырту адам психологиясын, рухани әлемін өзгертуден басталады», – дейді Сарым.

Бұл, ең алдымен, қазақ ұлтына бағытталған үндеу

Саясаттанушы мысал ретінде, бизнеске құрмет көрсететін америкалық әдебиетті мысалға келтірді.

«Қазақ тілінде бизнес туралы бірде-бір роман, бірде-бір фильм жоқ.

Бізде «бизнес» деген ұғым теріс қабылданады.

20 жылда Алматыда алғаш рет бизнес тақырыбына арналған қойылым қойылды.

Бізде әлі күнге дейін Кеңестік таптаурын түсінік бар, байлық – ол жаман, кедейлік – жақсы деген»,

– деп есептейді саясаттанушы.

«Егер біз білім беру реформалары барысында жіберілген қателіктерді түзететін, дені дұрыс гуманитарлық білім беруді ұйымдастыратын, қоғаммен, оның түсінігімен айналысатын психологтарды, әлеуметтанушыларды дайындайтын болсақ, қоғамда не өзгерту қажет деген сауалға жауап табамыз», – деді ол агенттік тілшісіне берген сұхбатында.

Айдос Сарымның пайымынша, мақалаға дұрыс талдау жасалып, татымды пікіралмасу орын алатын болса, қоғамды жаңғыртуға мүмкіндік беретін мемлекеттік бағдарламалар мен технологиялық қадамдар айқындалады.

«Президент қазақ тілінде үлкен пікір алмасу бастауды ұсынып отырғанының өзі көп нәрсенің басын ашып отыр. Бұл, ең алдымен, ел тағдыры алдындағы жауапкершіліктің басым бөлігіне жауапты қазақ ұлтына бағытталған үндеу.

Бұл адамдарды бөлу емес. Ертең не болса да ел үшін қазақтар көп жауапты болады.

», – деп түйді сөзін сарапшы.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз