Әлеуметтік желілерде адамдар коронавирустың алдын алу үшін жаппай препараттарды сатып алып жатыр деген ақпарат тарап кетті. Олар сау адамдардың денсаулығына зиянын тигізуі мүмкін.
Енді адамдар үй жағдайында COVID-19 емдеу үшін ауыр препараттарды пайдаланатын жаңа қауіпті «тәжірибе» ойлап тапты. Дәлел ретінде осындай емдеу әдісін көзбен көрген Facebook қолданушысы Веры Бурдакованың жазбасын келтіреміз.
«Көптеген адамдар гидроксихлорохинге (плаквенил) клиникалық тексеру жүргізгені туралы естіген шығар. Интернеттен іздеп, бұл туралы жазылған мақалаларды оқи аласыздар», — деп жазды жарияланым авторы.
— «Адамдар бұл препаратты жаппай сатып ала бастаған. Не үшін?
Бұның қандай дәрі екенін білесіздер ме? Бұл иммунносупрессивті дәрі, яғни иммунитетті төмендетеді
Оны аутоимунды ауруларды емдеу үшін қолданады. Егер адам коронавируспен ауырмаса оны қабылдаудың қажеті жоқ! Тіпті, алдын алу үшін де! 90% жағдайда оның пайдасы жоқ!»
Бурдакованың айтуынша бұл дәріні терінің қатаюымен ауырған қызы қабылдаған. Бірақ қазірде оларға басқа препараттар керек болғаннан Вера оларды сатылымға шығарған.
«Оларды интернет арқылы сатып, кейін басқа препараттарды алғымыз келді», — делінген жазбада. — «Содан бері 2 жыл өтті. Бізге әлі күнге дейін хабарласып, сатып алғысы келетіндер бар. Мен кезекті адамның қоңырауын жауап берген кезде: «Кешіріңіз, ол сізге не үшін керек?» деп сұрадым. «Вирустың алдын алу үшін ішсін деп, қарт ата-анама апарып берейін деп едім» деген жауапты естідім.
Ары қарай ол неліктен плаквенилді ішудің қажеті жоқ екенін және ден сау адамдарға зиян келтіретінін дәлелдейтін маңызды аргументтер келтіреді. Жазбаның толық мәтінін мына сілтеме бойынша оқи аласыздар.
365info редакциясы ҚР Фармацевтикалық қызметті қолдау және дамыту қауымдастығының президенті Марина Дурмановаға «Дәріханаларда шынымен де COVID-19-бен күресе алады деген рецептпен берілетін препараттарға сұраныс артты ма?» деген сауал қойдық.
— Марина Ивановна, COVID-19-ды емдеу хаттамасында көрсетілген азитромицинмен бірге қолданылатын плаквинил препараты туралы не айтуға болады? Facebook желісінде адамдар оны коронавирустың алдын алу үшін сатып алып жатыр деп жазып жатыр. Ал ол болса иммунитетті төмендетеді екен.
— Мен бұған қатысты ештеңе естімедім. Бірақ коронавирус инфекциясын емдеу үшін дәрі-дәрмектерді сатып алудың ешқандай қажеті жоқ екенін атап өткім келеді. Себебі қарапайым –
қазіргі уақытта осы вирусқа тікелей әсер ететін тиімділігі мен қауіпсіздігі дәлелденген препараттар жоқ
Халықаралық талаптарға сәйкес келетін және нарыққа шығару үшін қатаң бағалаудан өткен клиникалық зерттеулерді дайындау күрделі және өте ұзақ процесс.
Бірақ уақыт жүріп жатыр, клиникалық тәжірибе кеңейіп, толықтырылып келеді. Көбірек дерек пайда болады. Бәрі тез өзгеруде, сәйкесінше біздің қазақстандық хаттама да бірнеше рет өзгерді. Қазірде 6-нұсқасы шықты. Бұл қысқа уақытта болған өзгеріс! Клиницистер мен денсаулық сақтау министрлігі үлкен жұмыс атқарды.
Гидроксихлорохинге қатысты айтатын болсам, жақында
ең беделді реттеуші агенттіктер халықтың гидроксихдорохинді өз бетімен (ауруханадан тыс) қолдануын тоқтататын ақпарат жариялады
Мысалы, АҚШ Азық-түлік және дәрілік заттар жөніндегі басқармасы (FDA) COVID-19 жұқтырған пациенттерді емдеу үшін безгекке қарсы препараттарды, гидроксихлорохин және хлорохин қолданудың жанама әсері туралы ресми ескерту шығарды.
Хабарламада жүрекпен байланысты ауыр жағымсыз салдары болуы мүмкін деп айтылған. Атап айтқанда, аномальды жүрек ырғағы, жүрек соғысының жиілеуі (қарыншалық тахикардия және қарыншалардың фибрилляциясы), ал кейбір жағдайларда өлімге дейін алып келген. Жалпы, мұндай маңызды препараттарды өз бетінше қабылдауға болмайды.
— Қазіргі кезде дәріханаларда не болып жатыр? Аталған препараттарға сұраныс артты ма?
— Ешқандай ажиотаж жоқ. Карантин кезеңінде дәріханалар мен азық-түлік дүкендеріне шектеу қойылмаған болса да, келушілер саны азайды. Дәріханаға барсаңыз адамдардың азайғанын көресіз, ал олар негізінен қорғау құралдары мен витаминдерді сатып алуда.
Дәріханаларда да, басқа жерде де адамдар аз. Карантин кезінде адамдар дәрі-дәрмекке қарағанда азық-түлікті көбірек сатып алды.
Сондықтан да жұмыстарына шектеу қойылған бизнес салалары ғана емес, дәріханалар да зардап шекті
Сауданың азайғанын барлық жерде байқауға болады, карантин кезінде келушілердің азаятыны түсінікті. Демек, пайда да төмендейді. Нақты статистикалық деректер әлі жоқ болғандықтан, қанша пайызға төмендейтінін айта алмаймын.
— Антибиотиктер мен иммуномодуляторлар сұранысқа ие ме?
— Иммуномодуляторлар әрдайым сұранысқа ие болады. Бірақ олар рецептсіз босатылады. Антибиотиктерге келер болсақ, біздің республикамызда оларды дәрігердің рецептінсіз босатуға тыйым салынған. Ал карантин кезінде барлық медициналық ұйымдар жабық болғандықтан, рецепт жазып беретін адам жоқ.
— Қандай да бір дәрі тапшылығы бар ма?
— Тапшы дәрі-дәрмектер бар, себебі дәріханалардың көпшілігінде дәрі-дәрмектерді сақтайтын үлкен алаң жоқ. Демек, олар дәрі-дәрмекті күн сайын шектеулі партиямен сатып алады.
Бір кездері дәріхана сөрелерінен қалқанша без ауруларын емдеуде қолданылатын l-тироксиндер жоғалып кетті
Бірақ тапшылық тез жойылды.
— Ал медициналық бетпердеге қатысты жағдай қалай?
— Алматыда бір кездері сұраныс жоғары болды, қазірде мәселе шешілді — тапшылық жоқ. Бетперделер қолжетімді бағамен сатылатын 48 нысан белгіленді.