Маңғыстау облысындағы Ақтау қаласының №2 сотында несиеге қатысты іс қаралып, банк жіберген заңсыздық анықталды.
Бұл туралы Ақтау қалалық №2 соттың баспасөз қызметі хабарлады.
Азамат Х. мен банк арасында 2015 жылы банк заемы туралы келісім-шарт жасақталып, банк Х-ға тұтынушылық мақсатта 1 000 000 теңге несие берген.
Қарыз процентінен бөлек арызданушы ай сайын қарызға қызмет көрсеткені үшін банкке 5 000 теңге мөлшерінде қосымша комиссия төлеп отырғаны анықталды. Сот азамат Х.-ның талабы қанағаттандырылып, қарызға қызмет көрсеткені үшін талапкерден ұсталған 120 000 теңге комиссия төлемі талапкерге қайтарылсын деген шешім шығарды.
Сот құқықтық нормалардың талаптарына сәйкес, талапкердің талабы заңды және негізді, ал банк талапкерге ай сайын қарызға қызмет көрсету үшін комиссия төлеуді міндеттеп, талапкердің тұтынушы ретінде құқығын бұзды деп санайды.