Ел құлағы елу. Әлеуметтік желі арқылы кімнің қайда жүргенін, не істеп жүргенін санаулы секунд ішінде бүкіл халық біледі. Әсіресе көпшілік жұлдыздардың жеке өмірін тергеуге ынтық. Танымал әнші Әли Оқаповтың да басы дауға қалған секілді. Әлеуметтік желіге Әли Оқаповқа қатты ұқсайтын жігіттің түнгі клубта бойжеткенді құшақтап билеген бейнесі тарап кетті.
Қызылды-жасылды шам. Заманауи музыка. Қолаң шашы иығына төгілген сылқым. Романтикалық көрініс дерсіз. Бірақ бұл желі қолданушыларының ашуын туғызды. Әлгі сылқымды құшақтаған жігіт өзге біреу болса, бәлкім, көбі өкпелей қоймас па еді? Бірақ көпшілік ол жігіттің Әли Оқапов екенін айтуда.
Сансыз пікір: “Мынау Әли ғой”. “Атақты әншінің ұлы осылай жүрсе ұятын-ай намыссыз, тәрбиесіз, ақшам көп, не қаласам соны істеймін деп ойына келгенді жасайды намаз оқымадың ба одан да?”. “Киноға түсіп жатқан шығар, жаман ойламайық. “Қасындағы қыз кім?” деген сұрақтар желіде қарша борап жатыр.
“Әрине, бұл Әли емес. Құдай сақтасын! Әлимен жұмыс істегеніме 6 жылдай болып қалды. Ешқашан ондайды көрген емеспін. Негізі, “Қалаулым” деген жоба масқара жоба екен”, – деді әншінің директоры Ерлан Әлимов.
Түнгі клубтағы сауық осымен аяқталып қалған жоқ. Теңгенің де екі жағы болатындай әлеуметтік желіде бұл жігітті Әли Оқапов емес, “Қалаулым” бағдарламасы арқылы жұлдыз боп үлгерген қатысушы Ислам Алтайбаев деп жатқандар да бар.
Тек Әлиді ғана емес, Исламды да сынаушылардың қатары көп екен. “Шынарға обал болды, өзінің атын шығару үшін істеп жүрген пиары ғой”дегенге саятын мыңдаған пікірді көзіміз шалып үлгерді.
Жігіттің Әли болуы да, Ислам болуы да мүмкін. Өйткені екеуінің де түр-әлпеті бір-біріне ұқсайды.