Оңтүстік Кореяның Хангук шетел тілдері университетінің магистранты, Орталық Азия бойынша сарапшы Чон Мин У «Қазақстан жасанды интеллект дәуірінде: өзекті міндеттер және оларды цифрлық трансформация арқылы шешу» атты 2025 жылғы Президент Жолдауының негізгі бағыттарына қатысты өз пікірін білдірді. Сарапшы елдің экономикалық жаңғыруы мен цифрландыру бағытының өзара байланысына, сондай-ақ саяси реформалардың халықаралық имиджге әсеріне тоқталды.
«Қазақстан жасанды интеллект дәуірінде: өзекті міндеттер және оларды цифрлық трансформация арқылы шешу» атты 2025 жылғы Президент Жолдауын қалай бағалай аласыз?
Бұл – өте өзекті тақырып деп ойлаймын. Алдағы уақытта мен Қазақстандағы өнеркәсіпті әртараптандыру мен цифрлық трансформация тақырыбындағы ғылыми байқауға қатысуды жоспарлап отырмын. Бұл бағыт тікелей Жолдау мазмұнымен байланысты. Қазір Қазақстанның ЖІӨ құрылымы табиғи ресурстар экспортына тәуелді, ал мұндай экономика сыртқы факторларға – әлемдік дағдарыстар мен соғыстарға сезімтал. Осыны түсінген мемлекет өңдеу өнеркәсібін дамытуға айтарлықтай күш салып жатыр. Меніңше, цифрлық трансформация осы үдерісті едәуір жеделдетеді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінің басты өзегі неде деп ойлайсыз?
Менің ойымша, Қазақстан прагматикалық сыртқы және экономикалық саясат жүргізіп отыр. Ол халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған және өз мүмкіндігін барынша тиімді пайдалануға ұмтылуда. Мысалы, жақында Президент Тоқаев Түрікменстанның Аваза қаласында өткен теңізге шығу мүмкіндігі жоқ дамушы елдерге арналған БҰҰ конференциясында сөз сөйледі. Сол баяндаманың негізгі идеясы – құрлықтық мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты күшейту және инфрақұрылымды дамыту болды.
Президент Тоқаев саяси жүйенің прогрессивті және ашық болғанын атап өтті. Сондай-ақ, ол бір палаталы Парламент құруды ұсынды. Бұл саяси реформаны қалай бағалайсыз?
Бір палаталы жүйе Қазақстан үшін қаншалықты тиімді болатынын қазір нақты айту қиын. Мысалы, Корея мен Түркияда да осындай жүйе бар, бірақ олардың тәжірибесіне қарап Қазақстанның болашағын болжау қиын. Дегенмен, ел тиімділік пен әділдік қағидаттарына берік болса, нәтиже оң болары сөзсіз. Сонымен қатар, бұл мәселенің халықтық дауыс беру арқылы шешілгені – демократиялық мәдениеттің айқын көрінісі.
Бір палаталы парламент пен жаңа институттардың құрылуы аясында Үкімет алдында қандай міндеттер тұрады деп ойлайсыз?
Ең бастысы – 20 миллион азаматтың сенімін иелену. Осы сенім қалыптасқан соң, экономикалық өсім мен жасанды интеллектті енгізу көрсеткіштері арта түседі. Қазіргі Үкімет бұл міндетті абыроймен атқаратынына сенімдімін. Бұған қоса, Кореямен түрлі бағыттағы ынтымақтастық арқылы үлкен синергиялық нәтиже алуға болады.
Жолдауда цифрландыру, экономиканы жаңғырту және цифрлық активтер экожүйесін құру мәселесі көтерілді. Сіздіңше, Қазақстан үшін қай салалар «цифрлық экономиканың» басым бағыттарына айналуы тиіс?
Бірінші кезекте платформалық экономиканы дамыту қажет. Astana Hub және Alem.AI сияқты отандық цифрлық платформаларды нығайтып, стартаптар мен шағын бизнесті жаңа технологиялық үлгілер жасауға қолдау көрсету маңызды. Бұл Қазақстанды Орталық Азиядағы жасанды интеллект орталығына айналдыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, мемлекеттік басқаруда жасанды интеллектті енгізу керек. Бұл әкімшілік үдерістерді жеңілдетіп, мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттырады және шетелдік инвесторларды тартуға септігін тигізеді.
Тағы бір маңызды бағыт – жоғары технологиялық өндіріс. Бұған дейін қабылданған шаралар өнеркәсіптің бәсекеге қабілеттілігін арттырды, бірақ шектеулі болды. Инновациялық технологиялар осы шектеулерді еңсеруге көмектеседі.
Қазақстан жүзеге асырып жатқан инфрақұрылымдық жобалардың (мысалы, теміржол магистральдары, көлік дәліздері) өңірлік интеграциядағы маңызы қандай?
Қазақстан Еуразияның көлік хабына айналуды көздеп отыр. Бұл – Қытаймен сауда көлемін ұлғайтуға және тұрақты логистикалық бағыттар құруға мүмкіндік береді. Цифрландыру бұл салада да маңызды рөл атқара алады — мысалы, шекарааралық рәсімдерді жеңілдетеді.
Жолдауда су қауіпсіздігі, инфрақұрылым және ТКШ модернизациясы мәселесі де қозғалды. Бұл цифрлық стратегиямен қалай үйлеседі?
Су қауіпсіздігі саласын мысалға алуға болады. 2025 жылдың 8 қыркүйегінде Тэджон қаласындағы K-WATER кампусында ЮНЕСКО су қауіпсіздігі жөніндегі халықаралық орталық пен «Корея – Орталық Азия» ынтымақтастық форумы хатшылығының ұйымдастыруымен су ресурстарын басқару тақырыбында семинар өтті.
Онда Корея өкілдері өз елінің жасанды интеллектті су ресурстарын басқаруда алғаш енгізген мемлекет екенін атап өтті. Бұл технология тасқындар туралы ескерту уақытын 30 минуттан 10 минутқа дейін қысқартуға мүмкіндік берді. Сондай-ақ қауіпті алдын ала болжауға болатын аймақтар саны 2023 жылғы 75-тен 2024 жылы 223-ке артты. Осындай технологиялар Қазақстандағы жыл сайынғы су тасқыны мәселесін шешуде маңызды рөл атқара алады.