Нұр-Сұлтан
Қазір
17
Ертең
18
USD
447
-0.91
EUR
476
-2.17
RUB
4.79
+0.03

Үкіметтің мал ауруына қатысты бейқамдығы отандық ғалымның төбе шашын тік тұрғызды

188

Үкімет барлығын тастап, тайлы-таяғы қалмай, сібір жарасымен күресуі керек

– Баспасөзде „Қазақстанның бір өңірінен „сібір жарасы„ шықты, тағы бір өңірінде бой көрсетті„ деген ақпараттар бірінен соң бірі жарияланып жатты. Жәй әншейін, қалыпты жағдай секілді.

Шындығында, бұл масқара жағдай! Сол бір ақпарат пайда болған күні төтенше жағдай жарияланып, шұғыл үкімет отырысы өткізіліп, бүкіл министрлік осы мәселені шешуге бел шеше кірісуі керек еді.

Бүкіл министрліктерді айтпағанның өзінде, ауылшаруашылығы саласының басшысын алсақ, ол жер реформасы жөніндегі комиссияда жүр. Сол мәселе әлдеқайда өзекті секілді… Қазір барлығын тастау керек. Өйткені, бұл елдің қауіпсіздігі, елдің беделі сынға түскен шақ, – дейді Атамұрат Шәменов.

Ғалым еліміздегі мұндай масқара жағдайдың ветеринария сынды бүтін жүйені жойып алғанымыздың салдарынан орын алып отырғанын айтады. Алайда бұл ретте ол мемлекетті бүтіндей кінәлаудан аулақ.

– Мемлекет мұны әдейі істеген жоқ. Нарық заманы келді. Ірі мал шаруашылықтардан мән кеткен соң, ветеринария қызметін ұстап тұру да мүмкін болмады. Оның тоз-тозы шықты. Ауылшаруашылығы министрлігі ветеринария қызметін оңалту үшін біршама тірліктер атқарды. Бірақ оның басым бөлігі сәтсіз болды. Өйткені оның негізі, оу бастан, дұрыс ойластырылмады.

Қазір „конкурентный среда„ деген сәнге айналды ғой. Бұл арада мұның қажеті жоқ. Ел қауіпсіздігіне жауап беретін сала мемлекеттің иелігінде болуға тиіс.

Еліміздің барлық өңірінде ветеринарлық мемлекеттік кәсіпорындар құрылуы тиіс

Мал шаруашылығы саласының ардагер ғалымы сібір жарасы дертінің өте қауіпті,

оған қарсы қолданылатын екпе жоқ екенін ескертеді.

Сібір жарасы бактерия да емес, бацилла көрінеді. Сондықтан ол қозғамаса, жатқан жерінде 100 жыл бойына сақтала береді. Оның көзін жоюдың бір-ақ тәсілі бар: ауру малдың өзін, оның жайылған жайылымын өртеу керек екен. Мұның барлығын оқшаулау арқылы жүзеге асыру қажет.

Сондай-ақ ғалымның айтуынша,

ветеринарлық қызмет бойынша еліміздің барлық өңірінде мемлекеттік кәсіпорындар құру керек.

– Мемлекеттік кәсіпорындар Қазақстандағы әр малдың ветеринарлық төлқұжатын тіркеуге тиіс. Сонда біз қай малдың уақтылы егілгенін, егілмегенін біле аламыз. Ондайда бір парақ қағаздағы мәліметке күдіктеніп, тексеріп жатудың да қажеті болмайды. Интернетке салынған мәліметтер базасы барлығына ортақ. Бастысы, бұл еліміздегі малдың статискасын анықтауға үлкен мүмкіндік берер еді. Қазір барлығы шашыраңқы. Кімнің қолында қандай, қанша мал барын білуі қиын, – дейді маман.

Атамұрат Шәменовтің айтуынша, осындай өзгерістерді енгізу үшін салалық заң қабылдау керек.

Өткенге көз жүгірткен ағамыз дизенфекциялық отрядтар, карантин қызметтері, ветеринарлық милиция сынды бүтін жүйенің адам денсаулығының қауіпсіздігі үшін тиімді де нәтижелі қызмет еткенін еске алады. Жалпы, мал өнімі – халық тұтынатын ас екені белгілі.

ҚР Конституциясында әрбір азаматтың қауіпсіздігіне кепілдік беріледі. Ендеше, ветеринарлық сала мемлекеттік болуы керек деген ғалым ұсынысы – толықтай құптарлық іс.

Қазірдің өзінде Қазақстан етін Ресей мен Қытай алмай жатыр. „Сібір жарасы шықты„ деген сөздің өзі қандай жаман! Бірақ, өкінішке қарай, осындай күйге түстік. Мұның масқара жайт екенін Үкімет  әлі түсінбеген сыңайлы ғой…

„Айтып-айтып ауылды, Атамұрат аға шаршады„ демекші, ғалым бұл мәселені бүгін алғаш рет көтеріп отырмағанын да баса айта кетелік.

Еліміздің Қарағанды облысында Еркіндік ауылы, Шығыс Қазақстан облысының Қалбатау ауылында және Павлодар облысының Ұзынсу ауылында сібір жарасы дерті бой көрсетті. Екі ауылда карантин, ал Павлодар облысында бүгін төтенше жағдай жарияланып отыр. Мұнда сібір жарасы дертін жұқтырды деген күдікпен 100-ге жуық адам тіркелген.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз