Нұр-Сұлтан
Қазір
4
Ертең
-2
USD
449
-1.43
EUR
484
-3.48
RUB
4.86
0.00

Кім не десе, о десін: Қазақстанның болашағы — қазақ тілінде

311

Әрине, бұл жақсылықтың нышаны. Дегенмен шешілмей жатқан мәселе көп. Тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Құрманғали Дәркеновтің пайымдауынша, қазақ тілі тұрмыстық қатынас тілі деңгейінде қалмауы тиіс. Ғалыммен болған сұхбатымыз былай өрбіді:

Қазақ тілі тұрмыстық қатынас тілі деңгейінде қалмауы тиіс

Құрманғали Дәркенов. Фото: youtube.com

– Өткен ғасыр басында-ақ Алаш арыстары қазақ тілінің мәселесін көтерген еді. Бұл жыр әлі басылмай келеді. Бүгінгі қазақы қоғамда ана тіліміздің мәртебесін қалай көтереміз? Тіл мәселесі Үкімет отырысында да жиі көтеріледі. Бірақ нәтиже қайда?

– Шындығы сол, қазақ қоғамында ең жиі қозғалатын мәселе – тіл мәселесі. Біз бұл мәселеден қаша алмаймыз, үнсіз отыруға немесе бізде ондай проблема жоқ деуге болмайды. Қазақтың мазасын алатын үлкен жарамыз осы. Сонымен қатар, біз бір халық, бір ұлт болып тұтаса аламыз ба деген сұрақ та жиі қойылады. Біздің қоғамда осындай үлкен мәселе бар. Оны шешу қажет.

Мәселен, Жер бетіндегі мемлекеттердің көпшілігі полиэтникалық сипатта. Планетаның тек 10 мемлекетінің ғана тұрғындары 90 пайызға бір этностан, яғни бір ұлттан тұрады. Ия, дүниежүзіндегі мемлекеттердің басым көпшілігі көпұлтты. Әлемдегі 1500-дей тілдің 22-сінде адамзаттың 75%-ы сөйлейді, оның ішіндегі 7 тілде адамзаттың тең жартысы сөйлейді екен. Бұл — көп тілді меңгерудің жаһандық қажеттілік екенін де көрсетеді. Бұл тұрғыда

біздің қазақтардың көп тілді білетіні мен түсіне алатын қасиеті — еш жаман нәрсе емес.

– Елбасы өзінің бір Жолдауында 2020 жылы қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілінде сөйлейді деген болжам айтқан еді. Бұл өзі мүмкін нәрсе ме?

– Шыны керек, біз 90-шы жылдардың басында болашақта бәріміз қазақша сөйлейміз деп үміт күттік. Уақыт өте көрдік, олай болмады. Сол үміттің ақталмағаны билікке іштей наразылықты, сенімсіздік қалыптастырды. Мысалы, біраз жыл Ресейде болған экономика министрі Т.Сүлейменовтің қазақ тілін «ұмытып» қалуы, соған ұқсас басқа да жағдайлардың жиі кездесуі халық арасында «бұлардың өздері қазақ тілін білмейді, құрметтемейді. Басқалар қайдан құрметтесін. Президенттің айтқанын бұлар қайдан орындайды» деген күмән мен күдікті, көңіл толмаушылық тудырады. Мұндай көңіл-күй қазір де өсіп отыр.

Қазақстан — көпұлтты мемлекет. Саны аз, көп болғанына қарамастан әрбір ұлттың өзіне тән ұлттық ерекшеліктері бар. Олардың ұлттық мәдениеті, тілі, әдет-ғұрып, дәстүр, шаруашылық, психологиялық ерекшеліктерін ескермеу, талап-тілектеріне түкіре салу, қатаң шектеулер қою — елдегі қазақ пен өзге ұлттар өкілдері арасында араздық, алауыздық туғызатыны белгілі ғой.

Өткен коммунистік басқару жүйесінде қазақ халқының ұлттық мүддесіне қатысты мәселелер өз деңгейінде шешілмегені құпия емес. Бұл

қазақтың өз ішінде ұлттық нигилизмнің, яғни өз ұлтының болашағына сенбеу, күмәнмен қарайтын көзқарастың тууына,

космополитизмнің, яғни, басқа ұлт пен оның рухани құндылықтарын өз ұлтының мәдениеті мен құндылықтарынан жоғары қою тенденциясының қалыптасуына әкелді. Оның зардабын әлі тартып келеміз. Қазақ тілінің қолданыс аясының кеңеймеуі, қазақтардың бір бөлігінің өз ана тілін білмеуі, мемлекеттік тілдің билік жүйесінде формалды түрде ғана қолданылуы, басқа этностардың тілді меңгерудегі инерттілігі, пассивтігі үлкен кедергі жасап отыр.

Біздің ғалымдар «ұлтшыл» деген айыптан неге қорқады? Қазақ тіліне қатысты маңызды мәселенің өткір тұстарын неге айналып өтеді?

– Ақиқаты сол, осындай қорқыныш бұрынғы кеңес одағында ұлттық проблемалардың шешілмеуін, олардың шамадан тыс қордалануын туғызды. Бұл наразылық факторына итермеледі. Қазақстандағы 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі — жиналып қалған сондай проблемалардың нәтижесі еді.

Ұлт мәселесіне назар аудармау — кеңестік кеңістікте саны аз ұлттардың белгілі бір дәрежеде жойылып, жоғалуына әкелді. Ұлттық мемлекеті бар қазақ халқы да ұлттық дағдарысқа душар болды. Қазақ тілі күнделікті тұрмыстық қатынас тіліне ғана айналды, ол мемлекеттік қарым-қатынас, ресми құжаттар және ғылым тілінен ығыстырылды.

1970, 1979 және 1989 жылғы кеңестік санақ мәліметтеріне назар аударсақ, барлық республикаларда өзге ұлттардың жергілікті ұлттың тілін білу деңгейінде үлкен айырмашылық болған. Украинада украин, Өзбекстанда өзбек, Тәжікстанда тәжік, Грузияда грузин және Балтық жағалауы елдерінде басқа ұлт өкілдерінің жергілікті ұлт тілін білу деңгейі үнемі өсіп отырған. Ал

Қазақстанда бұл көрсеткіш керісінше, басқа ұлт өкілдерінің қазақ тілін білу деңгейі ұдайы кеміп отырған:

1970 жылы – 1,3%; 1979 жылы – 1,2%; 1989 жылы – 1,1% ғана. Әсіресе республикамызда сан жағынан басым болып келген орыс ұлтының қазақ тілін білу деңгейі мынадай: 1971 жылы – 0,9%; 1979 жылы – 0,6%; 1989 жылы – 0,4% ғана болатын.

— Қазақстанның барша халқының мемлекетқұраушы қазақ ұлтының туған тілін ту етіп, біртұтас ұлт ретінде ұйысуынан қандай пайда келер еді?

– Халқының 99 пайызы тек қана жапондар болып, негізінде бір ғана тілде сөйлейтін Жапония әлемдік экономикада алдынғы орында. Жапондық брендтер әлемді жаулады. Ендеше, ұлттық құндылықтар жүйесіне нұқсан келтірмеу — дамудың басты шарттарының бірі екенін мойындағанымыз дұрыс болар.

Жаһандану үрдісі қанша қарыштаса да, біртұтас ұлт ретінде ұйысу, бірігу әлемдік даму үрдісінде өз орнымызды табуға, мүдде ортақтығы негізінде инновациялық қадам жасауға жол ашады.

Ұлттық құндылықтарды сақтау мен оның төңірегінде бірігу — қазақ қоғамы үшін көзсіз сену мен табыну емес, өркениеттік тұрғыда дамуға мүмкіндік тудырады. Ендеше тіл бірлігі, рух пен мүдде ортақтығы — Қазақстанның даму кепілі.

Фото: regnum.ru

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз