Нұр-Сұлтан
Қазір
-27
Ертең
-23
USD
521
0.00
EUR
610
0.00
RUB
6.68
0.00

Киік еті нарыққа жол тартты

Қалай болғанда да, киік санының тым көбеюі шаруаға да, ауыл адамдарына да аса жайлы болмай тұр. Былтыр Үкімет қаулысы­мен киік санын реттеу мақсатында киіктерді аулауға рұқсат берілді. Осы рұқсатнама негізінде БҚО-да 460 мың киік аулануға тиіс еді. Бірақ облыс тек 108 мың киік аулаған. «Киікті аулауын аулайды, оның етін қайтеміз?» деген еді сол кезде экологтар. Шыны керек, киік етін өндіріске енгізу мәселесі ұзақ талқыланды, ұзақ сараланды. Көпшілік кеңесе келе, киік етінен консерві жасауға болады деген шешім шығарылды. БҚО-да қазір осы идея жүзеге асып, киік еті нарыққа шығарыла бастады. Мамандар киік етін 120 градус ыстықта залалсыздан­дырып, қалбырға салып, су мен буда бір сағат ұстап, бұқ­тырылған киік етін дайындап жатыр. Қазір Оралдағы дүкен сөрелерінен бұқтырылған киік етін көруге болады.

Былтыр киік санын реттеу мақсатында БҚО-да 108 мың киік ауланды. Мамандар күндізгі және түнгі ауысымда қызмет ат­қарды. Ал ауланған киіктердің етін өңдеу үшін 15 ет комбинатымен келісімшарт жасалған. 15 ет комбинатының 14-і батыс­қазақстандық, біреуі атыраулық комбинат. Киіктерді аулау шілде айының бірінен бастап қарашаның 30-на дейін жүрді. Ауланған киіктердің еті жаз-күз айларында жергілікті базарларда сатылды. Киік етінің келісі сол кезде 1500-1600-ден саудаланды. Жалпы, киік БҚО оңтүстік аудандары – Жәнібек, Казталов, Жаңақала аудандарында мекендейді. Тиісінше, осы жақтың адамдары үшін киік еті таңсық ас емес.

Былтыр ағыл-тегіл ауланған киік етін қайда жібереміз деген сұрақ атқарушы билікті тығырыққа тірегені рас.  Сол кезде жергілікті ірі ет комбинаты «Кублей» ЖШС мен «Охотзоопром» мекемесі арасында келісім­шарт жасақталды. Келісімшартқа сәйкес, «Охотзоопром» ауланған киіктердің ұшасын «Кублейге» жеткізіп тұрады. Осы­лайша, ет комбинаты жаз бойына жиналған киік етін қосқанда шамамен 27 мыңға жуық киік ұшасын жинаған. Енді соларды өңдеп, нарыққа шығарып жатыр. Ал ғалымдар болса киік еті дәруменге бай, диеталық тағам түрі деп отыр.

«Ауылшаруашылық жануарларына қарағанда киік етінде Д5 витамині бес есе жоғары. Сосын майы аз. Майын пайызға салып көрсек, 9-12%-ға дейін жетеді. Ал ақуыз 22%-ға дейін. Сондықтан да киік етін диеталық жағынан қарағанда зат алмасу процесіне өте жағымды болады», – дейді ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Қайсар Қошалиев. 

Жалпы, жазда киік аулау процесі кезінде де ғалымдар киік етін өте мұқият зала­сыз­дандыру керегін айтқан болатын. Қыр кез­ген киіктерді заңсыз аулап, одан өз бетін­ше тағам дайындау дұрыс емес. Себебі дала жа­нуарлары немен қоректеніп жүрге­нін ешкім білмейді. Сондай-ақ олардың бойында қан­дай да бір ауру бар-жоғына көз жеткізбей, етін жеуге болмайтынын алға тартқандар көп.

Ал консерві жасап отырған «Кублей» ет комбинатының бас технологы киік еті бұл жерде өте жоғары залалсыздандырудан өтетінін, барлық санитарлық талап сақта­латынын атап өтті.

«Бұл жерде киік еті 120 градуста залал­сыздандырылады. Одан кейін бу мен суда өңделеді. Біз барлық санитарлық норманы сақтап отырмыз. Жалпы, киік еті жеңіл диеталық тағам түріне жатады. Оны жас босанған әйелге де жеуге болады», – дейді «Кублей» ЖШС-ның бас технологы Гүл­жазира Кенжеғалиева.

Жергілікті ет өңдеу комбинаты тәулігіне 16 мың дана қалбырдағы киік етін дайын­дайды. Жазға салым бұл көрсеткішті мил­лионға жеткізбек. Елімізде бұқтырылған киік етін дайындаудың ұлттық стандарты 2023 жылдың қарашасында қабылдан­ған. Алайда содан бері киік етін ірі көлемде өң­дегендер жоқтың қасы. Оралдық зауыт осы олқылықтың орнын толтыруды көздеп отыр.

«Охотзоопроммен» келісімшартқа отырып, былтыр күзде киік ұшасын қа­былдадық. Өндірістік желі тоқтаусыз жүруі үшін әуелі қажетті мөлшерде шикізатты жинап алғымыз келді. Қазір бұқтырылған киік етін сатуды бастадық. Бір қалбырдың сал­мағы – 330 грамм. Алғаш шығып жат­қан­дықтан, жаңа өнімді нарық пен халықтың қа­лай қабылдайтыны біз үшін аса маңыз­­ды», – дейді ет өңдеу зауыты директорының орынбасары Зәуре Берекешова. 

Киік етінің пайдалы қасиетін ғалымдар да растайды. Жергілікті университетте былтыр киік етінен шұжық жасап көрді. Бөкендер еркін жайылып, шөпті таңдап жейді. Сондықтан олардың еті де құнарлы дейді мамандар.

БҚО-ға 460 мың киік аулануы тиіс деп нұсқама берілген. Бірақ мамандар тек 108 мың киік аулап отыр. Себебін сұрасақ, бар үл­гергеніміз осы деген қысқа ғана жауап ал­дық. Бұл былтыр ауланған киік еті өңделіп жатқан. Алда тағы көктем келеді. Киік тағы төлдейді. Шаруалардың реніші тағы баста­лады. Келер жылы қанша киік ұсталып, қанша ұша ет өңделетіні белгісіз әзірге. Қазір Оралдағы дүкен сөрелерінде бұқтырыл­ған киік еті 1300-1500-ден сатылып жатыр. Алда киік етін экспортқа шағыру жоспары тұр. Ал әзірге тек Оралдың өзінде саудаланып жатыр.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2026 [email protected], +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз