Қызылордада жантүршігерлік оқиға болды. Қаладағы базар маңында контейнердің ішінде қалып қойған 17 жастағы жігіт тірідей жанып кеткен. Өткен түнді ұйқысыз өткізгендер, болған жағдайдан әлі де есімізді жия алмай отырмыз дейді.
Бұл туралы 31 арна хабарлады.
Сағат түнгі 3-тер шамасында шыққан қызыл жалын құтқарушылардың барлығын аяқтарынан тік тұрғызған. Төтенше жағдайлар қызметкерлерінің айтуынша, түн ортасында отқа оранған контейнердің ішінде ағалы-інілі екі жігіт ұйықтап жатқан. Тілсіз жауды бірден ауыздықтауға кісіркен өрт сөндірушілер, контейнер ішінде болғандардың біреуін ғана аман алып шығыпты. Ал құтқарылған азаматтың 17 жастағы інісі жалын ортасында қаза болған. Өрімдей жас жігіттің өмірін жалмаған контейнер орналасқан базар маңындағы мекемеде бүгінде жан адам жоқ. Алайда сол өртті өз көзімен көрген тұрғын оқиғадан әлі де шошып қалғанын айтады.
Ал төтенше жағдайлар қызметіндегілер соңғы уақытта баспаналарда және адам түнейтін жерлерде дәл осындай оқиғалардың жиілеп кеткенін айтады.
“Будка ішінде өртеніп адам қалып қойған. Бір адам қаза болды. Бізден үш техника жұмылдырылып, 11 адам өртті сөндіруге қатысты”, – дейді Қызылорда облысы төтенше жағдайлар департаментінің бас маманы Аспандияр Сапарғалиев.
Мамандар темір контейнердің іші мамық шүберекпен қапталғандықтан тұтанған тілсіз жау тез арада үлкен жалынға ұласқан деген болжам айтады. Ақыр соңы контейнер іші аз ғана уақытта түк қалмай жанып кеткен.