Қытайда чикунгунья безгегіне шалдыққан науқастар саны артып келеді. Елдегі індеттің ошағы Гуандун провинциясы. Соңғы аптада бұл өңірде 4 мыңға жуық жаңа жағдай тіркелген. ҚХР билігінің мәліметінше, аурудың ауыр формалары немесе өлім жағдайлары әзірге тіркелмеген. Науқастардың басым бөлігі Фошань қаласынан анықталған.
Қытайлық жұқпалы аурулардың алдын алу мамандары індеттің кеңінен таралуына су тасқыны маусымы себеп екенін айтуда. Бұл кезеңде масалар көбейіп, түрлі вирустар тасымалдай бастайды. Мамандардың айтуынша, эпидемияның қарқынды таралуы әзірге тоқтатылғанымен, профилактикалық шаралар міндетті түрде қолға алынуы керек.
Бұған дейін қытайлық БАҚ жергілікті ғалымдардың чикунгунья безгегін тарататын масаларды жою мақсатында ерекше түрдегі ірі маса дернәсілдерін табиғатқа жіберіп жатқаны туралы хабарлаған. Бұл дернәсілдер ауру тарататын масаларды жеп, олардың көбеюіне тосқауыл болады деп күтілуде.