Нұр-Сұлтан
Қазір
15
Ертең
23
USD
447
-0.91
EUR
476
-2.17
RUB
4.79
+0.03

Қытай жанкүйерлері Димашқа не сыйлады?

Жанкүйерлер оған сыйлықтарды күнделікті үйіп-төгіп әкелетін көрінеді. Олардың арасында дәмді тағамдар, Димаштың суреті бейнеленген заттар, киімдер бар. Қазақстандық жас әншінің өнеріне тәнті Қытай халқы Louis VUTTION мен ARMANI сынды сән үйлерінің қымбат бұйымдарына да ақшаларын аямауда.

Бұл туралы Инстаграмдағы өз парақшасында Димаш Құдайбергеновтің досы әрі ресми өкілі Алпамыс Шәрімов жазды.

– Сыйлық алғанды кім де болса ұнатады! Туған күн, жаңа жыл, я болмаса Наурызда сыйлық алысып-берісу біздің дәстүрде бар. Қытайлық фанаттар сүйікті әншісінің әр күні мереке болсын деген ниетпен күніге көптеген сыйлықтар жібереді. Бұл Димашқа тек бір күнде келген сыйлықтар, көбі мына суретке түспей қалды. Сыйлықтардың дені тәтті дәмдер, ерекше ескерткіш сыйлықтардан басталып Louis VUTTION, ARMANI сынды брендтердің құнды аксессуарларына дейін жалғасады… Ұшақта демалатын жастық, “Dimash” жазуы бар брелоктар мен футболкалар, біз мүлдем түсінбейтін бірдемелер де кездеседі! Расымен де, өнер адамы үшін осындай көңіл бөлу шабыттандырады! Қонақ үйге келіп сыйлықтарды реттеу, Димашқа xаттарды оқып беру менің міндетім! Хаттар демекші… Хаттар әртүрлі тілде келеді! Ағылшынша, французша, қытай тілінде, орысша… Бірақ, дені қазақ тілінде! Қателер бар! Бірақ, аудармашымен қиналмау үшін қазақ тілінде жазылған, оқуға оңай, тез!, – деп жазды ол.

Алпамыс Шәрімов Димаштың атынан барлық жанкүйерлерге алғысын айтып, жылы сөз бен бір сәттік көңіл оған ерекше әсер сыйлайтынын жеткізді. Айта кетейік, Қытай телеарнасындағы «Singer 2017» ән байқауына қатысып жатқан отандасымыз оның екі кезеңінде – бірінші, үшіншісінде 3-орын алып, жобаға қатысуын жалғастырып келеді. Оның қытайлық әлеуметтік желідегі жазушылар саны миллионнан асты, оған ақындар өлең-жырлар арнап, қыздар қазақша үйреніп, хаттар жазуда. Жанкүйерлер өз парақшаларын Димаштың суреттеріне толтыруда. Тіпті, Қытай дүкендерінде отандасымыздың келбеті бейнеленген бұйымдар, тұрмыстық заттар сатыла бастаған. Димаштың өнеріне тәнті болған әлемге танымал әнші Лара Фабиан онымен кездескісі келетінін айтты. Ал күні кеше ғана белгілі актер, кинорежиссер Джеки Чан Д.Құдайбергеновті кездесуге шақырып, әңгімелескен болатын.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз