Дүниежүзілік ядролық қауымдастық мәліметтеріне сәйкес, ядролық өтын өндіруге пайдаланылатын уранның Қазақстандағы барлау анықтаған ресурсы бүкіләлемдік уран қорының 13 процентін құрайды.
Бұдан бөлек, Қазақстан 2009 жылдан бастап, уран өндіру бойынша әлемдік көшбасшы. 2017 жылы елімізде 23,4 мың тонна уран өндірілді, бұл әлемдік өндірістің 39 процентін құрайды.
ҚР Тұңғыш Президенті Қоры жанындағы Әлемдік саясат және экономика институтының сарапшысы Әмина Жарылғапова осы саланың болашағы, дамуы туралы әңгімелейді.
Қазақстанда өндірілетін байытылған уранның негізгі сатып алушысы – Қытай.
Соңғы жылдарда шығыстағы алпауыт көршіміз ядролық энергетика қуатының өсу қарқыны бойынша әлемде көш бастады.
Соның нәтижесінде, Қазақстан атом энергетикасын дамытуға қажетті жақсы ресурстық базаға қол жеткізіп отыр.
Соған қарамастан,
қазіргі таңда республикада жұмыс істеп тұрған бір де бір атом электростанциясы жоқ.
Еліміздегі жылдам нейтрондар негізінде әрекет ететін қуаты 350 МВт реакторы бар жалғыз АЭС 1972 жылдан 1999 жылға дейін Ақтау қаласында жұмыс істеген болатын.
Үкімет үнемі атом электр станциясын салу мәселесін көтеріп, талқылайды. Атап айтқанда, Шығыс Қазақстан облысындағы Курчатов қаласында және Балқаш көлінің жағасындағы Үлкен ауылында.
Мұндай жобалар инфрақұрылымға қомақты қаржы салуды және тиісті біліктілігі бар мамандарды дайындауды талап етеді.
Дегенмен қауіпсіздікті қамтамасыз ету – өз алдына бөлек тұрған мәселе.
Біріншіден, Чернобыль (Украина) және Фукусима-1 (Жапония) атом электр станцияларындағы жойқын радиациялық апаттар көпшіліктің есінен әлі кете қойған жоқ. Ядролық апаттарды межелеудің халықаралық шкаласына сәйкес, олар ең жоғарғы жетінші деңгей бойынша жіктелген-ді.
Екіншіден, біздің елдегі азаматтардың басым көпшілігі «ядролық» деген сөзді естігенде, ең алдымен, Семей полигонындағы ядролық сынақтарды, олардың зардаптарын еске алады. Сондықтан бұл, көп ретте, көпшіліктің қарсылығын тудырады. Өйткені халық «ядролық» деген сөзге жан-тәнімен қарсы.
Алайда ядролық қаруға жаһандық деңгейде тыйым салуды нық ұстанып отырған Қазақстан, атомды бейбіт түрде пайдалануды дамытуға белсенді түрде қолдау білідіруде.
Оған осы мәселе бойынша Ресей, Жапония, Қытай, Канада және Франция сияқты елдермен халықаралық деңгейде ынтымақтастық орнатылғаны дәлел бола алады. Сондай-ақ мұны 2017 жылдан бастап Қазақстандағы Үлбі металлургия зауытында МАГАТЭ-ның төмен байытылған уран қорының сақталуы нақтылай түседі.