Қытайдың Шыңжаң провинциясының билігі жаңа туған нәрестелерге діни мағына беретін есімдер беруге тыйым салды. Ондаған есім қара тізімге енгізілген.
25 сәуірде Азат Азия радиосы эфирінде сөйлеген Шыңжаң әкімшілігінің ресми өкілі осындай тыйым барын растады. Оның айтуынша, Ислам, Құран, Мекке, Жихад, Имам, Саддам, Қажы және Медина есімдеріне Қытай билігіндегі Коммунистік партия тыйым салған. Үрімші полициясы өкілінің хабарлауынша, осындай есімі бар балалар мемлекеттік тіркеуден алып тасталынады. Тіркеуде жоқ бала білім беру және денсаулық мекемелеріне бара алмайды.
Ұйғырлар ұзақ жылдар бойы Қытай үкіметінің қысымына шағымданып келеді. Билің басындағы Қытай Коммунистік партиясы тынышсыз аудандарды қатаң бақылауда ұстап отыр.