Нұр-Сұлтан
Қазір
9
Ертең
5
USD
444
-0.47
EUR
475
+0.97
RUB
4.8
+0.04

Қытай бензинмен жүретін көліктен бас тартады

Бұл жөнінде Қытайдың өнеркәсіп жөніндегі министрінің орынбасары Синь Гуобинь мәлімдеді. Енді Шығыстағы көршіміз 2025 жылы 7 млн электромобиль шығаруды діттеп отыр. Тоқпен қозғалатын көліктерді жалпыластыруға Қытай осы бастан кірісіп кетті. Жанармайсыз жүретін көлік өндірісі «Made in China 2025» бағдарламасына кіреді.

Осылайша көршіміз қоршаған ортаны ластамайтын көлік шығару бойынша әлемде көш бастап отыр.

Қазір Бейжің көшелерінде электромобильдерді жалға алуға болады.

Қытай жолаушылар көлігі қауымдастығының мәліметінше, биыл 7 айда бір ғана BYD компаниясы жергілікті нарыққа 50 мыңға жуық электрлі және гибридті көлік шығарды.

Бұл саланы мемлекет қолдап, үнемі қомақты субсидия бөліп отырады.

Сонымен қатар елді жаппай электромобильге көшіру үшін көлік шығаратын кәсіпорындарға да қатаң талаптар қойды.

Мэн Фаньи, электромобиль шығаратын компания өкілі:

– Қытайдың алдағы 20 жылда толықтай жанармаймен жүретін көлік өндірісін тоқтатуы қоршаған ортаға деген жауапкершілікті сезіну дер едім. Біз осы саланы дамытып, әлемде бірегей өндірістік ортаны құру үшін 3,5 млрд доллар ақша бөліп отырмыз. Сондықтан компаниямыздың теxникалық мүмкіндіктері жасыл энергиямен қозғалатын көлік өндірісіне әбден жетеді.

Қытай билігі қазірдің өзінде ірі қалалардағы қоршаған ортаның ластануына, климаттың өзгеруіне және елдің мұнай импортына тәуелділігіне алаңдап отыр. Сондықтан үкімет баламалы энергия көздерімен қозғалатын көлік өндірісін жан-жақты қолдайды. Тіптен мұндай көлікті сатып алушыларға бірқатар жеңілдіктер қарастырылған.

Чжан Тяньи, Бейжің тұрғыны:

– Болашақта жанармаймен жүретін көліктерге тыйым салуды дұрыс деп санаймын. Егер болашақта электромобиль арзан болса, оны неге пайдаланбасқа. Қазірдің өзінде қаланың ішіне әбден жарап тұр.

Қазір электромобиль шығаруға қытайлық 200 компания ниет білдірген.

Қытай бұл стратегияны жүзеге асыру арқылы болашақта әлемдік нарықтағы осы саланы иеленіп алмақ.

Алдағы уақытта жанармаймен жүретін көліктердің өндірісі мен саудасына тыйым салудың нақты күнтізбесін жариялауды жоспарлап отыр.

Чжао Шиньнан, Бейжің тұрғыны:

– Бензинді көліктерге тыйым салуды 2040 жылдан ертерек бастау керек. Өйткені біздің қалалардағы экологиялық ахуал нашар. Жанармаймен жүретін көліктен шығатын түтіннің салдарынан Бейжіңде ауа лас.

Естеріңізге салайық, әлемде автокөлік өндірісінде Қытай ешқашан көш бастап көрген емес. Ал электромобиль шығару бойынша бірден алға суырылып шықты.

Былтыр бұл елде осындай жарты миллион көлік сатылған.

Авторлары: Н.Б, Ж.С

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз