Нұр-Сұлтан
Қазір
16
Ертең
10
USD
446
-0.83
EUR
475
-0.80
RUB
4.78
-0.01

“Құрысын!”. Италия мигранттарды Отанына қайтару үшін 4 мың евродан таратып жатыр

Құны 12 млн еуроны құраған мемлекеттік бағдарлама Еуропада екі қолға бір күрек таба алмағандарға арналған. Сейду Фолл баракта тұрады. Туған әкесінің жер теліміне арахис егіп, өнім алған күндерді есіне алады. Ол арман қуып, мыңдаған мигрант секілді Жерорта теңізі арқылы өтіп, Италияға ат басын бұрды. Алайда артықшылығы мен көмегі мол босқын статусын ала алмады. Сондықтан базарда Қытай өнімдерін сатып жүр.

Сейду Фолл, Сенегалдан келген мигрант:

– Менің жұмысым ауыр, жалақым да күнделікті өміріме жетпейді. Мен үшін бұл өкінішті жағдай. Үйге оралсам, тұрмысым жақсарады деп ойлаймын. Адал нан табу қиынға соғып барады. Сондықтан үйге оралуды мақсат етіп отырмын.

Оның ойынша, үйге қайту жеңіліспен оралу іспетті. Бірақ үкімет Италиядан өз еркімен кеткісі келетін мигранттарға қол ұшын созуға даяр. Бағдарламаның әрбір қатысушысы үйлеріне кемемен емес, ұшақпен жеткізіледі. Отанында білім алып, шағын бизнес ашу үшін қолдарына 2 мың еуродан беріледі. Ал жолға шығар алдында қолданылатын бірінші қажеттіліктегі ұсақ-түйек үшін қосымша 400 еуро бөлінеді.

Егер құжаттардың рәсімделуіне жұмсалатын қаражат пен дипломаттардың жұмысын ескерсек, бір келімсекке жұмсалатын шығынның жалпы көлемі 4 мың еуроны құрамақ.

Бірақ бұл көмекті мырзалыққа жатқызуға әсте болмайтын шығар. Өйткені мигранттарды келген еліне міндеттеп қайтару едәуір қымбатқа шығатыны белгілі. Ал елден кету туралы шешкен адамды арнайы күзетпен шығарып салудың қажеті жоқ. Есесіне бұл түрлі келеңсіз жағдайлардың алдын алады.

Аталмыш бағдарлама қайтушыға да, қайтарушы тарапқа да тиімді деп санайды әлеуметтік саясат жөніндегі сарапшы Джузеппе Терранова. Бірақ мемлекеттік жоба сәтті іске асқанның өзінде елдегі көші-қон мәселесін түбегейлі шеше алмайды.

«Дегенмен, келімсектер саны 3 мың адамға азаяды», – дейді маман.

Джузеппе Терранова, West әлеуметтік-саяси басылымы директорының орынбасары:

– Бұл жобаның ауқымын кеңейтіп, қаражатты молынан бөлуге болады. Бірақ көші-қон мәселесі толықтай шешім таппайды. Неге десеңіз, жоба әрбір келімсекпен жеке дара жұмыс жасауға бағытталған. Біздің жағалауға мигранттардың ағыл-тегіл келіп жатқанын ескерсек, мәселені түп-тамырымен жою әзірше мүмкін емес. Әсіресе көктем мезгілінде жақсы нәтиже күтудің қажеті шамалы. Бірақ Германияда бастау алған бағдарлама арқылы жылына 60 мыңға жуық мигрант үйлеріне өз еркімен оралып жатыр. Осыны назарға алуымыз қажет.

Италияда жұмыссыз босып жүрген босқандар саны 3 мыңнан асады. Бұл – кәрі құрлықта өзін жоғалтып алған әрбір адам үшін туған жерінде жаңа өмір бастауға таптырмас мүмкіндік. Бағдарламаның ұйымдастырушылары аяғына тұрып кетпейінше қабырғасы қайысқан азаматқа жағдай жасауды доғармайды.

«Бірі елінде дүкен, енді бірі шаштараз ашып жатса, қалғаны жанына жақын саласы егіншілікпен айналысып жатыр», – дейді Сейду Фолл.

Жәрдемақыға ол ауласынан құдық қазып, арба мен соқа сатып аламын дейді. Әкесі өсірген арахисті базарға жеткізіп отырмақ ойы бар.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз