Нұр-Сұлтан
Қазір
17
Ертең
18
USD
447
-0.91
EUR
476
-2.17
RUB
4.79
+0.03

«Қырғын төбелес!». Павлодарда журналистер ережесіз жекпе-жекке түсіпті (фото+видео)

641


Төрт салмақ дәрежесі бойынша сынға түскен БАҚ өкілдері үш минуттан тұратын екі раундтық жекпе-жек өткізді.

Журналистер жұдырықтасқан жарыста ең жеңіл салмақ дәрежесі бойынша Мәшһүр Жүсіп орталық мешітінің қызметкері Абылай Күнғожа жеңімпаз атанды.

70 келі салмақта өнер көрсеткен «Сарыарқа самалы» газетінің беттеушісі Ерболат Масығап чемпион атанды. Екінші орын Аймерген Қуанышқа бұйырса, үшінші орынды Рavlodarnews.kz сайтының тілшісі Тілеуберді Сахаба еншіледі.

80 келі салмақта «Регион.kz» газетінің жауапты хатшысы Жарқынбек Амантай топ жарды. Бұл салмақта екінші орынды «Сарыарқа самалы» газетінің журналисі Данияр Жұмаділ қанжығасына байлады. Үшінші орынды «Қазақстан Павлодар» арнасының видеооператоры Нияз Смағұл иеленді.


Ал, ең ауыр +90 салмақ дәрежесінде Май ауданынан келген «Шамшырақ» газетінің тілшісі Мейрамбек Қызырұлы бас жүлдені ұтып алды. Екінші орынға «Қазтелерадио» қызметкері Олжас Займолда, үшінші орынға «Сарыарқа самалы» газетінің тілшісі Фархат Әміренов лайық деп танылды.


«Жеңіске деген құштарлығы үшін» «Ертіс медиа» ЖШС қызметкері Руслан Абушахманов, «Үздік техникасы үшін» Pavlodarnews.kz сайтының тілшісі Абзал Қабдраш, «Халық радиосының» тілшісі Айбек Оралхан және «Регион.kz» газетінің экс-беттеушісі Тұрлыбек Амантай марапатталды.

Айта кетейік, БАҚ өкілдері арасында тұңғыш рет панкратионнан өткен облыстық чемпионат «Сарыарқа самалы» газеті мен Панкратион және Грэпплинг бойынша Павлодар облыстық федерациясы, «Абылай» жекпе-жек спорт клубының ұйымдастыруымен жүзеге асты. Аталмыш спорт түрінінен федерация президенті Алтынбек Рысжановтың айтуынша, жігіттердің жеңіске деген құштарлығы жоғары болды. – Бүгін 17 қатысушы күш сынасты. Барлығы өз еріктерімен келіп, сегіз бұрышта өнер көрсетті. Жарыстың өтетіні жайлы әлеуметтік желілерде жарияланды. Кәсіби спортшылар болмаса да, журналистердің жекпе-жегі жоғары деңгейде өтті. Алдағы уақытта бұл шараны дәстүрге айналдыру ойда бар, – деді Алтынбек Рысжанов.

Сонымен қатар, бұл шараға Естай атындағы қалалық мәдениет сарайы мен қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі қолдау білдірді. – Октагонға кіріп төбелесу оңайға соқпады, – дейді 70 келі салмақ дәрежесіндегі чемпион Ерболат Масығап. – Ұрысты дер кезінде тоқтатып, ауыр жарақаттардың алдын алған төрешілерге рахмет айтқым келеді, ненің қалай істеу керектігін түсіндіріп берді. Осы турнирды ұйымдастырушыларға алғыс айтамын. Сегізбұрыштың ішінде қарсылас болғанымызбен, шаршы алаңның сыртында өмірдегі әріптес әрі дос болып қала береміз. Жұдырықтасуға жүрексінбей кірген журналистер қатары келер жылы көбейеді деген үміттемін, – деді ол.


Қоса кетейік, журналистер арасында ережесіз жекпе-жектен Павлодарда өткен турнир бұрын соңды Қазақстанның ешбір облысында өткізілмеген.



Абзал Қабдраш

Суреттерді түсірген – Дархан Өмірзақов

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз