Қостанай облысының Қашар ауылында әке-шешесі бар болса да аш боп, түте-түтесі шыққан тоғыз жасар бала мемлекеттің қамқорлығына алынды.
Бұл туралы Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлады.
“Бала үнемі аш жүрген, ол кафе жанындағы тамақты теріп жеп, қыста да солай күнелткен. Мектептегілер мұны жақсы біледі, сондықтан мүмкіндігінше оны тамақтандырып, киім беріп отыруға тырысқан. Үнемі ашқұрсақ боп жүргендіктен баланың ақыл-ой тұрғысынан да дұрыс дамымаған. Ұрлығы үшін ешқашан ұсталмаған. Әкесі мен анасы бір-бірімен бірге тұрмайды, спирттік ішімдікке әбден әуестеніп кеткен. Бала негізінен әжесімен тұрған. Бірақ ол да ішімдікке құмар”, – деді облыстық соттың баспасөз қызметі.
“Олардың екеуі де баланы мемлекет қамқорлығына беруге келісіп, ата-ана құқығынан айырылу мәселесіне қарсылық танытпады. Екеуі де еш жерде жұмыс істемейді. Сот шешімімен ата-анасының әрқайсысы баланың өмір сүруі үшін ай сайын алимент төлеп тұруы тиіс”, – деп хабарлады облыстық сот.