Нұр-Сұлтан
Қазір
20
Ертең
23
USD
449
+0.08
EUR
478
+1.11
RUB
4.76
-0.01

Құнанбайдың тәкия үйі қайда?

2124

Тілге тиек еткіміз келгені, өз заманында ұлы Абайдың әкесі Құнанбайдың Меккеде салдырған тәкия үйі. Сол үйдің жұрнағы бүгінгі күні бар ма, жоқ па?

Бұл жөнінде белгілі жазушы, дінтанушы, «Қағанат» консорциумының басшысы Бейбіт Cапаралы былай дейді:

– Құнанбай Өскенбайұлы (1804-1885) жасы егде тартқан шағында, яғни 1875-1976 жылдары қажылық парызын өтеуге шалғайдағы Мекке-Мединеге жол тартып, сол сапар барысында Орта Азия қажылары тегін түсетін қонақжай болсын деп арнайы тәкия салдыртады. 1905 жылы Стамбул арқылы қажылыққа барған сапарында Құнанбайдың немересі, Құдайбердіұлы Шаһкәрім ол тәкияны өз көзімен көріп, Қанатбай атты қазақ ие болып отыр екен деп суреттеп жазады. Кейін де хиджаз өлкесінде Сауд Араб патшалығы құрылғаннан кейін Байтулла айналасы кеңейтіліп, бірнеше мәрте жойқын өзгерістерге түсіп, байырғы тәкия иелеріне рұхсатнама сұралған, өтеме қаржысы көрсетілген ресми хаттар жолданады. Құнанбаймен қатар қажыға барып, ол да тәкия салдырған Сыр бойының бай-бағланы Мырқы Мінайдар ұрпақтарына 1930-жылдары осы мазмұндас хат келгенін, ГПУ-НКВД оның түпнұсқасын ұрпақтары жоқ, қабыл етпеді деп арнайы мөр басып, Мәскеуге қайтарып жібергенін ескікөз қариялар айтады. Бай, феодал, ақ патшаның аға сұлтаны, фанатик діндар деп Құнанбайдың өз басы қараланып, үрім-бұтақтары қызыл империяның аяусыз зорлық-зомбылығына ұшырап жатқанда, атып-асып жатқанда алыстағы Меккеден жеткен үшбу хатқа кімдер тиянақтап қарап, мән бере қойсын? Осылайша Құнанбай қажы тәкиясы атаусыз, сұраусыз, жауапсыз жермен-жексен құлатылып тасталған.

1991–1992 жылдары «Құнанбай қажы» деп аталатын күрделі тарихи-танымдық зерттеу еңбегімді жаза жүріп, АҚШ-тан келген сапарынан кейінгі баспасөз маслихатынан соңғы бір оңтайлы сәтінде бұл аталмыш тәкия мәселесін Алматыдағы ескі резиденциясында Елбасыға арнайылап сұрау етіп қойып, жазбаша хатымды да қолына ұстатқаным бар. 1994 жылы қыркүйек айының соңында Италияның Рим, Неаполынан Сауд Арабиясының Жидда қаласына ұшқанда ұшақ ішінде Елбасыдан ұлттық телеарна үшін арнайы сұхбат жазып алып, «Жұлдыз» жорналының кезекті санында жарық көрген «Құнанбай қажы» кітабымның екінші бөлімін де қолына ұстата отырып, Елбасыдан Фаһд патшадан Қазақстан мұсылмандары үшін Құнанбай қажының тәкиясын қайтадан қалпына келтіріп беруін сұрауын өтінген едім. Нұрсұлтан Әбішұлы Жиддадан Мекке барып, одан қайтып келіп нұрланған Мединеге ұшып барып, екі күнгі зияраттан кейін Мединеден Алматыға ұшқанымызда ұшақ ішінде көпшілік көзінше маған қарата әңгіме қозғап, «Өткенде айтқан үй(тәкия) мәселесі шешілетін болды. Фаһд патша өз келісімін білдірді» деп қуантқан болатын. Елбасы кете салысымен істің барлық мән-жайынан хабары жоқ сол кездегі Алматы қаласының әкімі Шалбай Құлмаханов ағамыз: «Ол не қылған үй? Кім-кімге қандай үй бермекші?» деп таң-тамаша қалып сұрау салғаны бар.

Содан, 1998 жылы үлкен қажылыққа барған сапарымыз кезінде Меккеде Қазақстанның Сауд Араб патшалығындағы елшілігінің жауапты қызметкері Азамат Бердібаев мырзаға жолығып, Фаһд патша атына барлық мән-жайды баяндап айтып, сұрауымды қойған хатымды табыстап, ресми өтініш білдірген едім. 2000 жылы Астанада Сыртқы істер министрлігінде жауапты қызмет атқарып жүрген Азамат Бердібаев тағы да өзі іздеп хабарласып, Құнанбай тәкиясының тарихын тиянақтап сұрап алып, Елбасының назарына салып, сол жылы Астанаға ресми сапармен келген Саудияның Қорғаныс министрі, ханзада Сұлтанды қабылдаған бір сәтінде Н.Назарбаев тарихи тәкияны қайта қалпына келтіру мәселесін және бір қозғап, ханзаданың бұл мәселені оңтайлы шешемін деген уәдесін де көптің көзінде тағы алып берген болатын. Алайда, өкінішке қарай,

содан бергі он екі жыл ішінде осы тақырыппен тиянақтап айналысып, Құнанбай қажы тәкиясы мәселесіне соңғы нүкте қоятын не білікті елші, не тыңғылықты мәдениет министрі, не мазасыз, жанашыр дінбасы табылмады.

Сол себепті тарихи тәкияның келешек тағдыры ашық күйінде қалуда.

Ақшарқат Ахметбек

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз