Нұр-Сұлтан
Қазір
8
Ертең
14
USD
445
+0.37
EUR
477
+2.08
RUB
4.82
+0.02

Құқық құрылымы саласының басшылары Ұлт жоспарының орындалуына қатысты есеп берді

Отырыста Елбасы ұсынған Ұлт жоспарының 28-34-ші қадамдарының іске асырылу мәселелері талқыланды. Бұл – полиция қызметкерлерін іріктеу жүйесін жақсарту (28), құқық қорғау органдарының қызметкерлерін мемлекеттік қызмет жүйесіне қосу (29), жергілікті полиция қызметін құру (30), азаматтардың арызын қарау жөніндегі қоғамдық кеңес жүйесін құру арқылы полицияның ашықтығын қамтамасыз ету (31), «Қылмыстық құқық бұзу картасы» интернет-порталын құру (32), сотталғандарды әлеуметтік оңалтудың тиімді жүйесін қалыпқа келтіру (33), пенитенциярлық инфрақұрылымды жаңғырту (34) болып табылады.

Күн тәртібінің екінші және үшінші сұрақтары құқық қорғау органдары жеке құрамының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы сақтау, сондай-ақ қылмыстық-атқару жүйесінің жекелеген мәселелері болды.

Жақып Асанов алғы сөзден кейін шара қатысушыларының назарын көтеріліп отырған мәселердің маңыздылығына аударды, сондай-ақ Ұлт жоспарының жекелеген қадамдарының іске асырылуындағы құқық қорғау органдары тарапынан тиісті деңгейде орындалмағандығына тоқталды.

Ұлт жоспарының 28,30,31,33 және 34-қадамдарының Ішкі істер министрлігі тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар туралы ведомствоның вице-министрі Ерлан Тургумбаев баяндады.

32-қадамның жүзеге асырылуы жөнінде Комитеттің төрағасы Бағдат Мусин есеп берді.

Бағдат Мусин «Қылмыстық құқық бұзу картасының» мүмкіндіктеріне тоқталып, аталмыш карта азаматтарға сол немесе басқа да төңіректегі қылмыстылық ахуалын бақылауға арналған өте ыңғайлы құралға айналғанын айтты.

Сонымен қатар осы картаның мүмкіндігін одан әрі кеңейту мақсатында комитет тарапынан «Қылмыстылықты сараптау» атты геоақпаратты карта әзірленді. Бұл бағдарлама енгізілген өлшемдер негізінде өңірдегі қылмыстылықтың ошағын анықтап, қылмыстың құрылымы мен мерзімінің кестесін көрсете алады.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өткен жылдың желтоқсанында ұсынған сыбайлас жемқорлыққа қарсы

Жол картасының орындалуын, сондай-ақ Ұлт жоспарының 29-қадамының іске асырылуы жайлы Ұлттық бюроның басшысы Талғат Татубаев баяндады.

Үйлестіру кеңесінің жұмысын қорытындылай отырып, Бас Прокурор прокуратура органдары тарапынан Мемлекет басшысының тапсырмасын ойдағыдай жүзеге асырудағы мысалдармен бөлісті.

«Кадрларды іріктеу орталығы құрылды. Е-қылмыстық іс әзірлеп, қолданысқа енгізілуде, қылмыстық процесті оңтайландыру үстіндеміз. Пилоттық режимде Әкімшілік құқық бұзушылықтың біріңғай тізілімін іске қостық. Құқық қорғау қызметтері орталығын аштық. Дәл осындай шаралар, жалпы алғанда Ұлт жоспарын іске асыру болып табылады. Ұлт жоспарының сәтті жүзеге асуы бізге – құқық қорғау органдарының басшыларына байланысты», – деді Асанов.

Отырыстың нәтижесінде бағдарламалық құжаттың тиісті дәрежеде жүзеге асырылуы, сонымен қатар сыбайлас жемқорлық пен азаптауға қарсы одан әрі жұмыстарды ұйымдастыру бойынша ұсынымдар әзірленді.

Айта кетелік, 2016 жылдың 6-қаңтарында Мемлекет басшысының „Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол„ атты мақаласы жарияланған болатын. Өз мақаласында Нұрсұлтан Назарбаев 2016 жылдың 1-қаңтарынан «5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» – Ұлт Жоспарын орындаудың практикалық кезеңі басталғанын айтқан еді. Ұлт Жоспарын орындау бойынша практикалық жұмыстар жаңа мүмкіндіктер мен әлемдік дамудағы ықтимал тәуекелдерді есепке ала отырып, өзгермелі жаһандық жағдайларға толық сәйкес түзіліп жатқанын көру маңызды. Бұл туралы 2015 жылдың 30-қарашасындағы Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында егжей-тегжейлі баян етілген.

„2015 жылдың бірнеше айының ішінде ғана Бес институттық реформаның басталуын заңнамалық және ұйымдастыру тұрғысынан қамтамасыз ету бойынша орасан зор жұмыс атқарылды. Бұл жұмыс менің Жарлығым бойынша құрылған Жаңғыртулар жөніндегі ұлттық комиссияның басшылығымен жүргізілді. Мен бірқатар кеңес өткізіп, сарапшылармен, саясаткерлермен, бизнес және қаржы ұйымдарының басшыларымен әңгімелестім. Халықаралық сапарларым мен кездесулерім шеңберінде мен өзімнің әріптестеріммен – өзге елдердің мемлекет және үкімет басшыларымен талай рет кеңестім.

Тұтастай алғанда, менің Қазақстанды тереңдете жаңғырту жөніндегі ой-ниетіме барлық тараптан жан-жақты қолдау көрсетілді. Әлеуметтік сауалдамалар да Ұлт Жоспарының барлық бес реформасына тұрақты жоғары қолдау көрсетіліп келе жатқанын айғақтап беріп отыр. Қазақстандықтар реформалардың уақтылы және көкейкесті екенімен бірауыздан келіседі. Қазірдің өзінде барлық қажетті заңдар қабылданды және заңдық күшіне енді. Парламент пен Үкімет жұмысының үйлесімділігін ерекше атап өткім келеді. Өте қысқа мерзімде жүзеге асырылған заңнамалық жұмыстардың осындай қарқыны мен сапасы бұған дейін Қазақстанда болып көрген емес„ делінеді бұл турасында Елбасының мақаласында.

Қорыта айтқанда, Елбасы Жолдауында көрсетіліп, „100 нақты қадам„ бойынша айқындалған реформаны кезең-кезеңімен жүргізуде бүгіндері құқық құрылымы саласында белгілі бір нәтижелерін байқатып, нақты көрініс табуда.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз