Нұр-Сұлтан
Қазір
6
Ертең
10
USD
444
-0.47
EUR
475
+0.97
RUB
4.8
+0.04

Құдіре бандыны қуған Хамит шын өмірде болған екен

1008

деп бастады әңгімесін  Әбекең, Аманбай Өтебай ағамыз.

Бірінші Алматы бекетінен «Бәйтерек» жүрдек поезына отырдым. Астанаға.  Жол серіктер билет тексеріп, төсек-орын таратқан соң, жолаушылар абыр-сабыр жайғаса бастады. Мен де орналасып болған соң, көршілеріме қарасам, үстіңгі жаққа екі жігіт пен бір қыз жайғасыпты. Ал астыңғы екі орынға жас шамасы алпыстардағы екі әйел орналасыпты. Реңдеріне қарап, апалы-сіңілілі ағайынды кісілер-ау деп ойладым. Кешкілік шай ішіп отырып, таныстық.

Үлкенінің есімі – Қорлан, кішісі – Қарлығаш екен. Әңгімеден әңгіме туындап олардың Орал өңірінен екенін білдім. Бір кезде әңгімеміз теледидардан беріліп жүрген кинофильмдер тақырыбына ауысып, Досханның кино саласындағы еңбектері жайында сөз болды.

Мен Досханның «Бандыны қуған Хамит» киносында өз рөлін керемет сомдағанын айтып едім, Қорлан мен Қарлығаш

«Біз – сол бандыны қуған Хамиттың қыздарымыз. Әкеміз – Тәңкібаев Хамит Қарақойшыұлы өмірде болған адам»

деп ол кісі жайлы біраз әңгіме айтты.

Әкеміз туралы

«…Әкеміз – Тәңкібаев Хамит Орал облысы (қазіргі Батыс Қазақстан облысы. – ред), Орда ауданының тұрғыны, соғыс ардагері. Сол Құдыре бандының басын кесіп әкелген Хамит – біздің әкеміз. 1940 жылы әскерге алынып, Мәскеуден Берлинге дейінгі шайқасқа қатысып, 1945 жылы елге оралды. 1951 жылдардан бастап Фурманов ауданындағы «Паспорт столында», содан соң 1963 жылға дейін бөлімшелік милиция қызметкері болып еңбек етіп, денсаулығына байланысты зейнетке шықты. 1976 жылы маусым айында қайтыс болды. Әкеміздің елге сіңірген еңбегін танытып, атын жаңғыртсақ дейміз.

Көзі тірісінде әкемізге «Осы болған жайды баспасөз немесе теледидар арқылы елге жеткізсек, кейінгі ұрпаққа тәлім-тәрбиелік мәні бар дүние емес пе?» дегенімізде, «Соның қажеті не? Естуімше, Құдіреден ұрпақ қалыпты… Сендерге ертең зияны тиіп жүре ме?» деп құп көрмеді. Сосын бұл әңгімені жылы жауып қойғанбыз. Кейін білдік, «Әкемді өлтірген адам осында тұрады екен» деп бір кісі ауылға келіпті. Көз көргендер «Айтса айтқандай өзі де Құдіреге тартқан алпамсадай дәу екен» деуші еді…

Әкеміз дүниеден өтті. Ендігі арманымыз – әкеміздің ерлік істерін, қиын-қыстау кезеңдегі қазақ батырларының қилы тағдырын кейінгі ұрпақ танып-білсе, сол арқылы ерлікке, өрлікке тәрбиеленсе деген ой… Үміт.

Мен Алматыда, Алатау ауданындағы 6-шы Шаңырақта тұрамын. Ныспым – Қорлан. Көп жылдар сауда саласында еңбек етіп, зейнетке шықтым. Қазір біз де жас емеспіз… Әке еңбегі ескеріліп жатқан күнді көріп кету – біз үшін қол жетпес арман» – деп, Қорлан көзіне жас алды.

Маған бұл кездесу «Бандыны қуған Хамит» киносындағы кейіпкермен бір сәт бірге ғұмыр кешкендей әсер қалдырды. Қазақтың жау жүрек батыры Хамит ағамыздың ғұмыры мен өмір жолын ұрпаққа жеткізуді тағдыр менің мойныма жүктегендей!..» – деді Әбекең әңгімесін аяқтап.

  • Бұл оқиға шынында белгілі журналист Бейсен Құранбек жүргізетін

«Айтуға оңай» бағдарламасына сұранып-ақ тұр екен! – дедім мен де таңданысымды жасырмай.

– Иә, іздеуші табылып, ақпарат құралдары арқылы насихатталып жатса, тәлім-тәрбиелік мәні бар дүние болар еді! – деді Әбекең сөзімді қостап…

Айтпақшы, қызығушылық танытып, оқиға жайын кеңірек білгісі келетін журналистер болса, Аманбай Өтебай ағамызбен хабарласып Қорлан Хамитқызының телефонын алуына болады.

Тұрмағанбет Кенжебаев

Дереккөз: Abai.kz

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз