1676 жылы Италияда монах әйел транста отырып жазған хаттың мазмұны енді ғана белгілі болды.
Италияда бағзы заманда Бенедикт монастырында өмір сүрген Мария Крочифисса делла Консецион есімді монах әйел таңертең оянса, өзінің жазу үстелінде қалам ұстап отырғанын, түсініксіз әріпте жазуы бар алдында парақ жатқанын аңғарады. Ол өзі не жазғанын оқи алмаған, көзі қарақы басқа жандар да онда не жазылғанын түсіне алмапты. Монах әйел мұны мені иектеген жын жазды деп айтып жүріпті.
Қалай дегенмен де тылсым жағдайда пайда болған хатты монастыр басшылығы сақтап қоюды ұйғарады. Бірақ осы күнге дейін оны ешкім оқи алмапты.
Тек бүгіндері бұл хаттағы кодтың құпиясын осы Италияның ғалымдары ақыры шешіпті деп жазады Вести.Ru.
“Біз тыңшылар қолданатын осындай құпия бағдарлама барын естідік. Сөйтіп соған рұқсат алу үшін барымызды салдық. Ақыры ол күн де туды. Софтқа грек, араб және руна әліппесін латын тілімен бірге енгіздік. Сөйтсек, шын мәнінде хат адам емес, тылсым күш жазғандай екен”, – дейді осы институт директоры Даниель Абат.
Тіл мамандары хаттың 15 жолын оқуға мүмкіндік алыпты. Онда адам мен жын арасындағы қарым-қатынас, құдай мен әзәзілдің қарым-қатынасы жайлы жазылыпты.
Ондағы сөздер бір-бірімен байланысты да емес екен. Хатта Құдай, Иса және Киелі рух – “пайдасыз, артық жүк”, “Құдай қарапайым адамдарды босата аламын деп есептейді” делінген. Мария Құдайды адам ойлап тапқанын және жүйенің ешкімге де әсері жоқ екенін жазған-мыс. Ежелгі грек мифологиясындағы Стикс өзені жайлы да айтылады, бұл туралы хатта “соған қарағанда күмән жоқ” деп жазылған.