Қарағанды гарнизонында Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықовтың төрағалығымен ведомствоның көшпелі алқа отырысы өтті. Жиын барысында 2024–2025 жылдардағы қысқы оқу кезеңінің қорытындылары шығарылып, алдағы жазғы оқу мерзіміне арналған негізгі міндеттер мен бағыттар нақтыланды.
Іс-шараға Қорғаныс министрлігінің және Бас штабтың басшылық құрамы, Қарулы күштердің түрлеріне жетекшілік ететін қолбасшылар, өңірлік қолбасшылық өкілдері, әскери оқу орындарының басшылары қатысты.
Бас штаб бастығы, Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов жауынгерлік және жұмылдыру дайындығының жай-күйіне тоқталды. Ал тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі министр орынбасары генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев әскери тәртіп пен құқықтық ахуал бойынша баяндама жасады.
Отырыста әскери міндеттілердің жиынын ұйымдастыру, резерв жүйесін жетілдіру, әскери бөлімдердегі тәртіпті сақтау және құқықбұзушылықтың алдын алу сынды мәселелерге де айрықша назар аударылды.
Кездесу қорытындысында Қорғаныс министрі командалық құрамға нақты тапсырмалар жүктеді. Атап айтқанда:
• ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқару операторларын даярлау,
• тактикалық барлау міндеттерін пысықтау,
• жауынгерлік және арнайы дайындық сабақтарын ұйымдастыру,
• инженерлік-саперлік бөлімшелердің кәсіби шеберлігін арттыру,
• қауіпсіздік шараларын күшейту,
• қарумен жұмыс істеу талаптарын қатаң сақтау.
Министрлік әскердің жауынгерлік дайындығы мен тәртіп деңгейін одан әрі көтеруді басты мақсат етіп отыр.