Түркістан облысы Қазығұрт ауданындағы Жұмысшы ауылында орналасқан А.Оразбаева мектебінде ақпан айының басында қайғылы жағдай орын алды. 6-сынып оқушысы Ұлағат Сейдулла сабақ үстінде көз жұмды. Анасы Гүлмира Көшееваның айтуынша, ұлы сыныптасының телефонын алып қашқан кезде, артынан қуып жеткен бала оны буындырып өлтірген.
Алғашында мұғалімдер «қоңырау кезінде құлап қалды» деп қысқа қайырған. Ұлағаттың үсті малмандай су болып, партаның үстінде ес-түссіз жатқан. Анасы дереу жедел жәрдемге жеткізгенімен, дәрігерлер баланың қайтыс болғанын мәлімдеді.
Оқиғадан кейін мектептің екі қызметкері өз еркімен жұмыстан кетсе, төртеуі қызметінен босатылған. Бірақ олардың кейбірі қайтадан жұмысқа орналасуға әрекет жасаған. Бұл анасының ашу-ызасын туғызды.
Қылмыстық істі тергеу нәтижесінде, күдікті бала 12 жасқа толмағандықтан қылмыстық жауапкершіліктен босатылып, іс тоқтатылған. Оның ата-анасына айыппұл салынған.