Алматыда ҚР ІІМ ТЖК “Қазавиақұтқару” АҚ бас директоры ұсталды, – деп хабарлайды Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросына сілтеме жасаған Tengrinews.kz тілшісі.
Сөйтсе, еліміздің бас құтқарушысы М. Досымбеков Ауыл шаруашылығы министрлігінің “Қазавиаорманқорғау” РМКҚ” бас директоры Т. Сексенбаевпен бірігіп, шетелдік компанияның тиісті құжаттарына қол қойғаны үшін қомақты сомадағы пара алыпты.
“Үстіміздегі жылғы 13-шілдеде Алматы қалалық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті шетелдік компанияның жетекшісінен құны 12 миллион АҚШ доллары тұратын “МИ-171Е” тікұшағын сатып алу бойынша келісімшартқа қол қойғаны үшін 50 мың АҚШ доллары сомасындағы пара алған ҚР Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитеті “Қазавиақұтқару” АҚ бас директоры М.Д.Досымбеков пен Ауыл шаруашылығы министрлігінің “Қазавиаорманқорғау” Республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының бас директоры Т.Т.Сексенбаевты ұстады”, – делінген хабарламада.
Күдіктілер сот санкциясымен қамалып, қазіргі уақытта тергеу жүріп жатыр.