Қазақ зиялы қауымы биліктен бостандыққа шығаруын сұрап жүрген бірден-бір адам – 2010 жылы «сопылар ісі» бойынша 12 жылға бас бостандығынан айрылған техника ғылымдарының докторы, профессор Саят Ыбырай азаттық алды.
Бұл елеулі жаңалық ел арасына тез тарап, істі болғалы сол кісінің басы-қасында жүрген адвокат Абзал Құспанға көпшілік өз алғысын жаудырды. 8 жылғы еңбектің нәтижесін адвокаттың өзі Мatritca.kz сайтына берген сұқбатында баяндады.
Оның айтуынша,
Саят Ыбырайдың бостандыққа шығуына зиялы қауым өкілдерінің жоғарыға ашық хаттарынан бастап, әрбір азаматтың тілекші болғаны, сондай-ақ, қатаң режимдегі түзеу колониясында отырғанда ағамыз өзін тәртіпті ұстап, қоғамға пайдалы жұмыстармен айналысқаны әсер еткен.
Иә, ғалым қапаста отырмын деп қапаланбай, мұнда интеллектуалды еңбегін жалғап, екі бірдей ірі ғылыми монография жазған, оның үстіне бұған дейін болмаған өндіріске қажетті екі роботты құрастырып шығарған. Енді бостандыққа шыққанда, ерік берсе діни бағыттағы ізденісін доғарып, Қазақстанда роботехника институтын құруға бел буып отыр екен.
– … Діни мәселеге мемлекет тікелей өзі араласпаса, бұл кісі енді араласпайды. Егер мемлекеттің өзі шақырып, иделогия мәселесінде ақыл-кеңес сұрамаса енді ол дін мәселесіне кіріспейді,
– дейді Абзал Құспан.
Адвокаттың айтуынша, әлемдік деңгейдегі ғалым темір тордың арғы жағында отырып, ар-абыройына нұқсан келтірмеуге тырысыпты. Өйткені ол халықаралық ұйымдардың өз ісіне араласуына қарсы болыпты. Егер халықаралық ұйымдар араласқанда ол кісінің босап шығуы бұдан да тез жүрер ме еді, қалай?..
– …Мен үшін қазір Саят Ыбырайдың аман-есен бостандыққа шығып, отбасымен қауышқаны маңызды. Ал енді ақталу мәселесін сәл демалып алғаннан кейін өзі айтады ғой деп есептеймін. Жалпы ол кісінің жоспарында соттасып, дауласу деген мүлде жоқ.
Мәселен БҰҰ адам құқықтары жөніндегі комитетке арыздану үшін екі апта бойы оның жай-жапсарын оқыдым. Алайда аға «Абзал, халықаралық ұйымдарға арыздансақ, Қазақ елінің имиджіне кері әсер етеді» деп мені тоқтатты.
Сондай-ақ, Саят Мұратұлы әлемдік деңгейдегі ғалым болғандықтан халықаралық математиктер ұйымымен байланыс орнаттық. Аталған ұйым ғалымды қолдап, хат жазамыз дегенде, оған да қарсы болды. Негізі, менің Саят Ыбырайдың ісімен айналысып жүргеніме 8 жыл болды.
Сонда бір байқағаным – ағамыз Қазақстанда робототехника институтын құрып, жұмыс жүргізгісі келеді. Сондықтан да ғалым ақталып уақыт өткізгенше, еліміздегі ғылымды дамытуға ниетті болып отыр. Егер ол ақталатын болса, халықаралық емес, еліміздің сотына арыз-талап түсіруі мүмкін. Өйткені ол түзеу мекемесінде отырғанда шетелдік ұйымдарға шағымданудан бас тартқан еді, – дейді Абзал Құспан.
Ал Саят Ыбырайдан бөлек «сопылар ісі» бойынша Исматулла Мақсұм да сотталған еді, оның бостандыққа шығуы мүмкін бе?
– Мен 8 жыл бойы Саят Ыбырайдың құқық қорғаушысы болып еңбектендім. Ал Исматулла Мақсұмның адвокаттары не істеп жатқанынан хабарым аз. Кезінде бұл азаматқа қатысты abai.kz, masa.kz сияқты сайттарда мақала жазылғанда, өз ойымды білдіріп жүрдім.
Алайда ол кісінің адвокаты «Исматулла Мақсұмның ісін бұқаралық ақпарат құралдарына шығармауларыңызды сұраймын. Іске қатысы жоқ азаматтар сұхбат бермеңіздер» деген болатын. Осыдан бастап Исматулла Мақсұмның ісіне қатысты қандай да бір пікір білдіруден тыйылдым.
Сондықтан да аталған іске байланысты нақты жауап бере алмаймын, – деді адвокат.