Нұр-Сұлтан
Қазір
2
Ертең
8
USD
445
+0.37
EUR
477
+2.08
RUB
4.82
+0.02

Қазақстанның немісі Германияда бағалы домбыра жасап сатып жүр

145

Владимир Готманның қазақтың қара домбырасын жанына серік етуі бекер емес. Ол Қазақстанда туған. Әкесі дирижер болған. Аспаптың қалай жасалатынын алғаш рет 25 жыл бұрын Алматыдағы консерваторияда көрген. Кейін осы кәсіпті жетік меңгеруге кіріскенімен, біраз уақыт сүйікті ісін қолға ала қоймады. Оған тарихи отанына көшуі себеп.

«Бастысы, ағашты дұрыс таңдау қажет», – дейді ол. Аспап жасауда тек экзотикалық ағаштарды пайдаланатынын айтып қалды. Домбыраның күмбірлеген үні мінсіз шығуы үшін ағаштың түр-түрін қолданып көрген.

Владимир Готман, домбыра жасау шебері:

– Домбыраның мойнын қарағайдан, қақпағын шыршадан, ал шанағын нәзік сүректен жасаймын. Ал мынау тәжірибеден өтіп жатқан зәйтүн ағашы. Бұған дейін падук деген африкалық ағаштан домбыра жасаған болатынмын. Мына әдемі тал зебрано деп аталады. Бұдан ала домбыра шығады. Әлемде экзотикалық ағаштан домбыра жасайтын адам жалғыз мен шығармын. Ал мына жаңа домбырам күлгін-қызғылт түсті болмақ, ол оңтүстікамерикалық амарант деген ағаштан дайындалды.

Бірнеше жылдан кейін Владимир сүйікті ісімен қайта шұғылдана бастады. Қазір ұста арнайы шеберхана ашты.

Владимир Готман, домбыра жасау шебері:

– Домбыра жасау ісі – менің сүйікті ісім. Бұдан мен рахат сезімге бөленемін. Аспап жасап отырып мен Қазақстанды, шеберханамды, өзім бірге жұмыс істеген қазақ достарымды есіме аламын. Ол бір бақытты кездер еді!

Мен Қазақстанды қатты сағынып жүрмін. Домбыра жасап отырғанда, туған жеріме қайта оралғандай күй кешемін. Қазақстан – менің алғашқы Отаным, қазақтарды сағынамын, мен оларды жақсы көремін!

Шеберхананың жоғары қабатында жұмыс қызу. Ол түн ортасына дейін тынымсыз еңбек етеді. Шебер өмірімнің бақытты сәттерін еске алу үшін бос уақытын осы шеберханада өткізеді.

Владимир Готман, домбыра жасау шебері:

– Негізгі жұмысым бар болғандықтан, домбыра жасауға шамамен бір айдай уақыт кетеді. Домбыра дайын болып, оның дыбысын тексеру сәтінен ләззат аламын. Бұл мен үшін керемет сәт!

Германиядағы этникалық немістердің көбі Қазақстаннан келгендер. Тарихи отанына оралған немістер әлі күнге дейін қазақтың салт-дәстүрін, мәдениетін құрметтейді. Мереке күндері ет асып, бауырсақ пісіру әдетінен жаңылған емес. Ал дастархан басында домбыра шертіп, ән айту – қалыптасқан дәстүр.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз