Нұр-Сұлтан
Қазір
11
Ертең
10
USD
445
+0.37
EUR
477
+2.08
RUB
4.82
+0.02

Қазақстанның 18-миллионыншы тұрғынына 3 бөлмелі пәтер бермек (фото)

111

Педагогтар отбасының екінші перзенті Муслима Саматқызы 18 миллионыншы тұрғын атанды.

Елбасының атынан нәрестеге арналған құрал-жабдықтар, атап айтқанда, бесік, төсек, балалар арбасы, ойыншықтар секілді қажеттіліктерді сыйға тартқан облыс әкімі А.Баталов:

– Еліміздің он сегіз миллионыншы тұрғынының Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласында дүниеге келгені – бәріміз үшін ерекше қуанышты оқиға. Демографиялық өсімінің жылдан жылға ұлғайып келе жатқаны халықтың Елбасымыздың салиқалы саясатына, Қазақстанның болашағына деген сенімінің зор екенін білдіреді. Жас ұрпақтың алаңсыз өсіп, білім алуына елімізде барлық жағдай жасалып келеді. Елбасының атынан, Жетісу жұртшылығының атынан осы айтулы оқиғамен шын жүректен құттықтаймын. Кішкентай нәресте аман-сау өсіп, ер жетіп, елдің абыройлы азаматы болсын! – дей келе, қалада күзге таяу пайдалануға берілетін жаңа тұрғын үйден жас отбасына 3 бөлмелі пәтер берілетінін жеткізді.

Муслиманың атасы Еркінбек Бестібаев пен әжесі Бибітай Жасыбаева кішкентай нәрестеге, жас отбасына, жалпы, өз әулеттеріне көрсетілген үлкен құрмет пен сый үшін Президентке, облыс басшылығына ризашылығын білдірді.

– Муслима – біздің жетінші немереміз. Біз ұл-қыздарымыз бен немерелерімізді елге қызмет ететін, мемлекетіміздің дамуына өз үлесін қосатын білікті азамат етіп тәрбиелеуге бар күш-жұмсайтын боламыз, – деді Бибітай апа.

Сәбидің анасы Диана Омарханова 1991 жылы туған, қаладағы № 16 мектепте дефектолог маман болса, әкесі Бестібаев Самат 1982 жылы туған, № 5 мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімі.

Айта кетсек, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Статистика жөніндегі комитетінің мәліметі бойынша, 2017 жылдың 11-мамырында Қазақстан Республикасы халқының саны 18 млн.-ға жетіп, есеп бойынша, Талдықорған қаласында туған Муслима Саматқызы 18 миллионыншы тұрғын атанған.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз