Түркия — қазақстандықтардың ең жиі баратын елі болып бірнеше жыл қатарынан танылып отыр.
ҚР сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, Түкриядан кейін отандастарымыз Қытай мен Біріккен Араб Әмірліктеріне жиі барады.
Одан кейінгі орындарда Германия, Таиланд және Мысыр, тізімнің соңын Ресей, Қырғызстан және Чехия түйіндеген.
ҚазАқпарат анықтағандай, жыл басынан бері 7 310 шетелдік Қазақстанға турист визасын рәсімдеген.
Заңға сәйкес, ондай визаларды Қазақстанның шет елдердегі ресми мекемелері береді. Қазіргі уақытта әлемнің 67 елінде 90 консульдық істеп тұр.
«Қазақстанның консульдық мекемелері жоқ елдердің азаматтарына визалар Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы халықаралық әуежайларда беріледі.
2019 жылдың басынан бері 4 656 шетел азаматы Қазақстанға туристік виза ресімдеді»,
— делінген СІМ мәліметінде.
Сыртқы істер министрлігінің мәліметіне сенсек, 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап шетелдік туристерге визаны электрондық тәсілмен рәсімдеуге де мүмкін берілген. Бұл мүмкіндікті әзірге 2 654 шетелдік пайдаланып, электрондық форматта туристік виза рәсімдеген.
Қазақстандықтарға келсек, әлемнің 24 елі визасыз қыдыру мүмкіндігін ұсынып отыр.
Сыртқы істер министрлігінің мәліметі бойынша, қазіргі таңда 19 мемлекетпен ұлттық паспорт иелерін визалық талаптардан босату туралы екіжақты келісімдерге қол қойылған. Олар: Аргентина, Армения, Әзербайжан, Беларусь, Біріккен Араб Әмірліктері, Бразилия, Гонконг АӘА, Грузия, Қырғызстан, Молдова, Моңғолия, Оңтүстік Корея, Өзбекстан, Ресей, Сербия, Тәжікстан, Түркия, Украина және Эквадор.
Сондай-ақ, қазақстандық азаматтар үшін біржақты тәртіп негізінде 5 мемлекетпен визасыз режім енгізілген.
Министрліктің ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, алғашқы тізімдегі елдердің азаматтары да Қазақстан аумағына турист ретінде визасыз кіре алады.
«Ал Индонезия, Колумбия, Коста-Рика, Малайзия және Филиппин елдерінде біздің елдің азаматтары визасыз қыдыра алғанымен, аталмыш елдердің тұрғындары бізге виза арқылы ғана кіреді», – дейді СІМ өкілі.
Ресми органның хабарлауынша,
министрліктің туристік сапармен шығуға тыйым салынған немесе қауіп бар шет елдердің арнайы тізімі жоқ.
«Шет мемлекетте ішкі саяси жағдай шиеленісіп жатса немесе табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар болған кезде қазақстандық азаматтарға министрлік аталған мемлекеттерге шығудан бас тарту туралы ұсынымдарды дер кезінде жариялап отырады», – делінген ресми ақпаратта.
Сыртқы істер министрлігі ҚР азаматтарына шет елдерге шығар алдында баратын ел мен оның саяси жағдайы туралы қосымша біліп алуға кеңес береді.