Нұр-Сұлтан қаласында музыканттар қазақтың ұлттық аспаптарында тоқтамай 75 туындыны орындады, – деп хабарлайды Sputniknews.kz.
“Қорқыт” дәстүрлі музыкалық тобы Гиннесс рекордтар кітабының отандық баламасы – КИнЭС ақпараттық-энциклопедиялық анықтамалығына енді. Тыңдаушылар нон-стоп режімде күй мен терме тыңдап демалды.
Музыканттарға аспаптарын баптау үшін небәрі 45 секундқа тоқтауға рұқсат берілді. Осы талаптың орындалуын КИнЭС-тің екі өкілі бақылады.
Саусағынан бал тамған өнер шеберлері қобыз, қыл-қобыз, нарқобыз, сырнай, жетіген, домбыра аспаптарында ойнады. Ұжым бұл өнер оқиғасына 20 күн бойы дайындалған.
Музыкалық топ Қорқыт, Құрманғазы, Абай, Дәулеткерей, Қазанғап, Ықылас Дүкенов пен Нұрғиса Тілендиев, Евгений Брусиловскийдің және Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Раимқұлованың, басқа да авторлардың туындыларын орындады.