Нұр-Сұлтан
Қазір
-5
Ертең
-14
USD
388
-0.93
EUR
429
+0.64
RUB
6.06
-0.02

Қазақстандық бюджет қайда жұмсалып жатыр?

фото: turkystan.kz

Биылғы жылдың қаңтар-сәуір айларында мемлекеттік бюджет шығындары бір жылға 16,7%-ға ұлғайып, 3,8 трлн теңгеге жетті. Ал былтырғы жылдың осы кезеңінде бюджеттен 3,3 трлн теңге жұмсалған. Өсім — 11,7%-ды құрады.

finprom.kz порталы есептегендей, соңғы бес жылда алғашқы төрт айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджеттің шығыстары орта есеппен 12,3%-ға өсіп отырған. Ең үлкен өсім 2016 жылдың қаңтар-сәуірінде тіркелді. Ең азы — 2017 жылы.

Бюджет шығыстарының құрылымы

Білім саласына мемлекеттік бюджеттен 671 млрд теңге бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 16,2%-ға артық (577,2 млрд). Білім беруді қаржыландыру үлесі 17,6% құрады (бір жыл бұрын — 17,7%).

Сонымен қатар, денсаулық сақтау саласына жұмсалатын шығындар 12,3%-ға артты (435,4-тен 488,9 млрд теңгеге дейін). Бұл ретте шығыстардың жалпы көлеміндегі үлесі 12,8% құрады.

Сондай-ақ, мемлекеттік бюджет шығыстарының ТОП-5 бағытына борышты өтеуге қызмет көрсету мен жалпы сипаттағы мемлекеттік қызметтерге қызмет көрсету кірді. Бұл тиісінше 252 және 225,1 млрд теңге.

Шығыстардың ең көп бөлігі әлеуметтік көмекке және әлеуметтік қамсыздандыруға — шығыстардың жалпы сомасының 27,6%-ы келеді. Бір жыл бұрын “әлеуметтік” үлес 26,8%-ды құраған.

Әлеуметтік мәселе — басымдықта

2019 жылдың төрт айында әлеуметтік көмек пен әлеуметтік қамсыздандыруға арналған мемлекеттік бюджет шығыстары жылына 20%-ға артып, 1,1 трлн теңгені құрады. 2018 жылдың ұқсас кезеңінде — 875 млрд теңге, өсім — 19,8% болған. Бұл салада орташа шығындар жылына 15,6%-ға өседі.

Жалпы, 2019 жылы әлеуметтік қамсыздандыру мен әлеуметтік көмекке бағыттау жоспарланған қаражат көлемі 674 млрд теңгеге өсіп, 3,3 трлн теңгені құрады. Бұл республикалық бюджет шығыстарының 28%-ы. Жалпы әлеуметтік төлемдерге биыл  2,9 трлн теңге жұмсау жоспарлануда. Бұл туралы еңбек министрі Бердібек Сапарбаев мәлімдеді.

Халықпен есептік кездесу барысында министр бүгінде мемлекет әлеуметтік көмектің 39 түріне кепілдік беретінін айтты. Сонымен қатар, ол 2018 жылы 3,8 млн адамға (халықтың 20,9%-ы) бюджеттен 2,5 трлн теңгеден астам сомаға зейнетақы мен жәрдемақы берілгенін еске салды. Ал міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінен 190 млрд теңге сомасына 800 мың адам төлем алды.

© «365 Info», 2014–2019 [email protected], +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз