TRACIT халықаралық үкіметтік емес ұйымы (Заңсыз саудаға қарсы іс-қимыл жөніндегі трансұлттық альянс) Қазақстан мен Орталық Азиядағы заңсыз сауда проблемасы бойынша есеп ұсынды.
TRACIT саясат бойынша аға кеңесшісі Эстебан Джудичи атап өткендей, заңсыз сауданың өсуіне қорғалмаған шекаралар, бейресми «сұр» экономиканың орасан зор көлемі, реттеуші және құқық қорғау жүйелеріндегі кемшіліктер ықпал етуде. Сондай-ақ, контрабанданы сыбайлас жемқорлық, айыппұлдар мен көлеңкелі схемаларды тежеу жөніндегі шаралардың жеткіліксіздігі, сондай-ақ «қарақшылық» контенттің үлкен көлемі өршітеді.
«Заңсыз сауданың өсуіне ықпал ететін реттеу мен құқық қолданудың кемшіліктері елдің инвестициялық тартымдылығы мен несиелік рейтингін төмендететінін есте ұстаған жөн», -деп атап өтті Джудичи мырза.
TRACIT сарапшылары заңсыз саудаға тиімді қарсы тұру үшін Қазақстанға сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске және контрабандаға қарсы іс-қимылды жетілдіруге ықпал ететін бірқатар шараларды іске асыру қажет деп санайды. Есепте бірқатар нақты ұсыныстар берілген – мысалы, заңсыз саудаға қарсы күрес жөніндегі бірыңғай ведомствоаралық үйлестірушіні құру, дәйекті салық саясатын жүргізу, шекараларды контрабандадан қорғауды пысықтау, «транзитті үзу» және жалған транзит схемаларын жою. Тағы бір негізгі ұсыныс – контрабанда үшін қылмыстық жазаны күшейту және ұлттық деңгейде ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту.
TRACIT-ті ең алаңдататыны – соңғы кездері контрабанданың қарқынды өсуі. Атап айтқанда, темекі акциздерінің үнемі өсіп отыруына байланысты контрабандасы да тез өсуде.
«Заңсыз темекі индустриясының артында ұйымдасқан қылмыс тұр, бұлар тағы терроризмнің демеушісі болуы мүмкін. Бұл бюджетті айналып өтетін орасан зор көлеңкелі нарық, ал бұл ақшаны денсаулық саласын дамыту сияқты әлеуметтік қажеттіліктерге жұмсауға болатын еді», – деп атап өтті Эстебан Джудичи.
Оның айтуынша, TRACIT деректеріне сәйкес, Қазақстан мен өңірдегі заңсыз темекінің негізгі көзі – БАӘ-дегі зауыттар мен фабрикалар. Кейінгі кезде мұндай өнімдердің нарықтағы үлесінің тез өсуі байқалды. Мәселен, егер ҚР ішкі нарығында темекі өнімдерінің заңсыз саудасының үлесі 2020 жылы небәрі 1,6 пайызды құраса, 2021-22 жылдары ол шамамен 3-6 пайызға жетті және өсуін жалғастыруда. Бұл ретте Қазақстан, Джудичи мырза атап өткендей, Беларусь пен Қырғызстанмен бірге Ресейге және одан әрі Еуропа елдеріне темекі контрабандасының транзиттік пункті болып отыр.
Тағы бір алаңдаушылық тудыратын фактор – контрабандалық және контрафактілік дәрі-дәрмектер нарығының ауқымы. 2016 жылы «Ұлттық ғылыми медициналық орталық» АҚ Басқарма төрағасы Қазақстан нарығында сатылатын дәрі-дәрмектердің 70%-ға жуығы лицензиясыз немесе контрафактілі өнім екенін мәлімдеген болатын. Өкінішке орай, сол уақыттан бері көп нәрсе өзгерген жоқ.
Фермерлерге арналған пестицидтер – бұл бүкіл Орталық Азияда кеңінен сатылатын тағы бір тауар, және бұл өнімнің өсіп келе жатқан пайызы заңсыз немесе жалған болып саналады. TRACIT есебінде Croplife International, ЭЫДҰ, EUIPO, IDSF және FICCI мәліметтері бойынша Орталық Азияда сатылатын барлық пестицидтердің төрттен бір бөлігі жасанды екендігі көрсетілген. Бұл ауылшаруашылық өнімдерінің сапасына және ауылшаруашылық жерлерінің жағдайына тікелей қауіп төндіреді. Бұл ретте Қазақстанға контрафактілік пестицидтердің негізгі жеткізушісі – Қытай. Заңсыз жеткізушілер негізінен OLX жеке хабарландыру платформасын пайдаланады, сонымен қатар WhatsApp, Telegram, Ozon және т.б. байланыс арналары арқылы фермерлер мен тұтынушылармен байланысады.