2017 жылы мемлекеттік органдар 4,7 млрд теңгеге шетелде құрастырылған 461 автомобильді сатып алған. Осы орайда отандық автоөндірушілер шетелдік автокөліктерді сатып алуға мораторий жариялауды ұсынды. Бұл туралы «ҚазАвтоПром» кәсіпорындар одағы» ЗТБ директорлар кеңесінің төрағасы Олег Алферов мәлімдеді.
Бұл туралы Baq.kz хабарлады.
«2017 жылдың 12 айының қорытындысы бойынша мемлекеттік органдар шетелде құрастырылған 461 автомобильді 4,7 млрд теңгеге сатып алған.
Осы орайда біздің одақ шетелдік автокөліктерді сатып алуға мараторий жариялап, Қазақстанның ДСҰ-ға қосылғанға дейінгі отандық өнімді өндірушілерге берген жеңілдіктерді қайтаруды сұрады.
Сондықтан ҚР Парламенті Мәжілісі мемлекеттік сатып алулар туралы заңына өзгерістер енгізу туралы заң жобасын қарастырып жатыр», – деді ол орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Осы орайда Олег Алферов «ҚазАвтоПром» кәсіпорындар одағының аталған заң жобасына артар үміті мол екенін жеткізді.
«Біз аталған заң жобасына талқылауға қатыса келе, біздің ұсынымыз ескеріледі және мемлекеттік орган өкілдері тек отандық автокөлікті сатып алады деген үміттеміз.
Бірақ мен келтірген мысалдар Қазақстанның мемлекеттік органдары отандық тауар өндірушілердің өнімін мойындамайды деген сөз емес», – деді ол.