Нұр-Сұлтан
Қазір
3
Ертең
12
USD
444
+1.32
EUR
475
+0.35
RUB
4.83
+0.09

Қазақстанда мемлекеттік қарыз цифрландырылады

334

Мәліметтер базасы секілді еліміздің сыртқы қарызының Бірыңғай тізілімін әзірлеу Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында бастама етілген президенттік реформалар топтамасына енді. Бұл еліміздің экономикасы үшін өзекті мәселе болып табылады. Себебі қарыз көлемі шекті мөлшерден асып кетпеуін қадағалау аса маңызды.

Еліміздің сыртқы қарызын реттеу мәселесімен өз құзіреті шеңберінде үш бірдей мемлекеттік орган – Ұлттық банк, Қаржы министрлігі, Экономика министрлігі айналысады. Ұлттық банктің мәліметі бойынша Тізілімді Қаржы министрлігі «Мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарының бірыңғай платформасы порталындағы «Қызмет/ Мемлекеттік қарыз/ Пайдалы материалдар» бөліміне орналастырып отыр. Тізілімді еліміздің сыртқы қарызы бойынша статистиканы жүргізетін Ұлттық банк толтырып тұратын болады.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанның мемлекеттік қарызына қызмет көрсетуге жұмсалатын шығыстар, оның ішіне үкіметтің займдары бойынша проценттер төлеу де бар, биылғы жылдың қаңтар-маусымында 578,6 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылдың дәл осындай кезеңіндегі көрсеткіштен 1,8 есе немесе 260,2 млрд теңгеге көп. Бұл туралы еліміздің қаржы министрлігінің жаңартылған статистикалық есебінде мәлім болып отыр. Республикалық бюджеттің биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығындағы салықтық кірістері бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 27%-ке, 2,27 трлн теңгеге дейін азайып кеткен. Басқаша айтқанда, ел қазынасына келіп түскен салықтық түсімдердің әрбір төртінші теңгесі мемлекеттік қарыз бойынша проценттерді төлеуге кеткен. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 2,5 есе, немесе 10,2%-ке аз болған еді.

Үкімет отырысында Ұлттық экономика вице-министрі Әсет Ирғалиев мәлімдегендей, мемлекетттің сыртқы қарызы 2020 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша 12,3 млрд АҚШ долларын, немесе ІЖӨ-ге 6,7%-ті құраған. Квазимемлекеттік сектордың сыртқы қарызы 17 млрд доллар немесе ІЖӨ-ге 9,3%-ті құрайды.

Оның айтуынша, халықаралық тәжірибеге сәйкес бұл параметрлер қауіпсіз деңгейге жатады.

«Бюджеттік саясат тұжырымдамасына сәйкес мемлекеттік және квазимемлекеттік қарыздың (сыртқы және ішкі) айырмашылығы ІЖӨ-нің (2020 жылғы 1 сәуірге – 39,8%) 60%-інен аспауға тиіс . Үкіметтің сыртқы қарызы мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сыртқы қарызы Ұлттық қордың валюталық активтерінің жалпы көлемінен (2020 жылғы 1 сәуірге – 50,9%) аспауға тиіс, – деп мәлім етті шенеунік.

Экономика министрлігінің ақпараты бойынша, мемлекеттік және квазимемлекеттік сыртқы қарыз квазимемлекеттік сыртқы қарызды мерзімінен бұрын өтеу мен қайта құрылымдаудың есебінен соңғы 3 жылда 6,8 млрд долларға немесе 19%-ке қысқарған.

Жалпы алғанда, фирмалық қарыздың өсуі өндірістерді құру мен кеңейтуге инвестицияның құйылып жатқандығын, заманауи технологиялардың келгендігін, жаңа жұмыс орындары ашылып, бюджетке салықтық түсімдердің артқанын білдіреді.

ҰЭМ дерегі бойынша, еліміздің жиынтық сыртқы қарызы 152,7 млрд теңге немесе ІЖӨ-ге 83%-ті құраған. Бюджеттік саясат концепциясына сәйкес еліміздің сыртқы қарызының арасалмағы ІЖӨ-ден 100%-ға аспауға тиіс. Дегенмен Қазақстанда еліміздің сыртқы қарызының 80%-тен астамы жеке сектордың міндеттемесіне жатады, «олар бойынша мемлекет те, қарапайым азаматтар да жауап бермейді» деп мәлімдеді экономика министрлігіндегілер.

Қазақстанның сыртқы қарыхы Үкімет пен Ұлттық банктің тұрақты мониторингінде болып келсе, бұдан былай ҰҚСК-нің де қадағалауында болмақ. Демек, Ұлттық кеңестің отырысында бастама етіп көтерілгендей Тізілімде құру еліміздің мемлекеттік қарызын реттеуде ашықтыққа қол жеткізеді.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз