Қазақстанның криптобизнесінде сыбайлас жемқорлықтың элементі бар, әйтпесе мемлекет жағдайды энергия іркілісіне дейін жеткізбес еді.
Алайда, Қазақстандағы майнингтік фермалар Алматының жартысына қарағанда көбірек энергия тұтынады. Және
жақында үш елде — Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанда электр энергиясының бірден ажыратылуын көптеген сарапшылар майнерлердің іс-әрекеттерімен байланыстырады,
себебі олардың әрекеттері электр желілерінің шамадан тыс жүктелуіне әкеледі. Электр энергиясы тапшылығын болдырмау үшін ел билігі Балқаш ауданында АЭС салуға ниетті.
Ғалым Марат Көшімбаевтың айтуынша, бүгінгі таңда криптовалюта майнингі Қазақстанның бай адамдары үшін өз капиталдарын көбейтудің тамаша мүмкіндігі болып табылады. Олардың кейбірі шетелдік майнерлермен, атап айтқанда, криптовалютамен байланысты қызметтерге тыйым салынған көрші Қытаймен жұмыс істейді.
— Қазақстандағы ықпалды тұлғалардың қолдауынсыз шетелдік ойыншылар бұл жерге жайғасып, біздің жемқор жүйемізге қалыпты қосыла алмас еді
Бұл бизнес жер жыртуды, өндіріс салуды қажет етпейді. Құрылғыларды орнатса жеткілікті — ақша ағыны келе береді. Майнингтік фермалар көптеген жұмыс орындарын да ұсына алмайды. Онда, әдетте, бағдарламалық жасақтама мен серверлерді бақылайтын бірнеше IT-мамандар мен жұмысшылар жұмыс істейді, — дейді Көшімбаев.
Ол сондай-ақ Қазақстан аумағында электр энергиясымен болған іркілістер дәл осы майнерлермен тікелей байланысты екеніне сенімді. Бірақ ешкім оларды электр энергиясымен шектемейді, өйткені бейресми түрде олар оған шамадан тыс көп төлейді.
— Олар оны екі-үш есе қымбат сатып алады. Бұға мүмкіндіктері бар — өте жақсы пайда табады. Әйтпегенде энергия жетіспеушілігі жағдайында, ауруханалар мен балабақшалар электр қуатынсыз қалса да, оларға көп энергия тұтынуға рұқсат берер ме еді?!
Ал электр қуаты тапшылығы бар екені рас, өйткені біздің барлық ГЭС және ЖЭО әлдеқашан ескірген. Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде жаңаларын салған жоқпыз. Нәтижесінде майнерлер “шегіне жетті” — электр энергиямыз “жарылды”. Бірақ бұған ешкім мән бергісі келмейді — жемқорларға бұл қажет емес”, — дейді ғалым.
Сонымен қатар, Көшімбаевтың айтуынша, майнингтік фермалар бүгінде көмір жағу есебінен жұмыс істеп тұр, болашақта мұның барлығы Қазақстанда көміртегі салығын енгізуге әкеледі. Ал бұл шикізат компанияларына соққы болып, шикізаттың қымбаттауына немесе кейбір өндірістердің жабылуына әкеп соғады.
“Париж келісімі” аясында Қазақстан экономикада парниктік газдар шығарындыларын азайтуды көздеді. Елде жаңа майнингтік фермаларының пайда болуы декарбонизацияға ықпал етпейді.
Экономист Рүстем Жансейітовтың пікірінше, Қазақстанда ірі майнингтік фермалардың болуы міндетті түрде шетелдік, атап айтқанда қытайлық ойыншылармен байланысты. Өз бетінше қазақстандықтар осындай ірі өндірістерді құруы екіталай еді.
— Біреу оларды осы бизнеске алып келді — бұл менің көзқарасым.
Біздің аумақта осы бизнесті дамытуға мүдделі халықаралық топтар бар. Олар шегірткелер сияқты бүкіл әлемнен арзан электр қуатын іздейді. Қайдан тапса, сол жерге жабысады
Сонымен қатар, жабдықтарды тасымалдау қиын емес: контейнерлерге орналастырады да, әкеліп, қоса салады. Бұл ретте
майнерлер қоныстанған мемлекеттің өзі, әдетте, одан көп ақша таппайды
Майнерлерге айтарлықтай салық салынбайды, емін-еркін өмір сүреді.
Соңғы оқиғалар олардың елдің энергетикалық балансына әсер етуі мүмкін екенін көрсетті, бірақ оны ешкім тікелей мойындамады. Олардың тікелей әсерін дәлелдеу үшін тергеу жүргізу керек. Әзірге мұнымен ешкім айналыспады, – дейді экономист.
Оның болжауынша, жақын арада қазақстандық билік Қытай сияқты майнингке тыйым салады, не болмаса… Қазақстанда электр энергиясы бойынша резервтер бар екенін білсе, майнерлерге салық салады. Бірақ егер салықтар тым көп болатын болса, майнерлер Қазақстаннан кетеді.
Экономист Әсет Наурызбаев республикада майнингтік фермалардың пайда болуын артықшылық деп санайды. Барынша ойластырылға іс-әрекет болса мемлекет одан тек ұтар еді.
— Біздің елімізде екі жыл ішінде әлеуеті жоғары зияткерлік сала өсті. Ол мемлекетке салық ретінде жүздеген миллион доллар әкелуі мүмкін
— Бірақ бізде, біріншіден, KEGOC (жүйелік оператор және Қазақстанның магистральдық электр желілерінің операторы функцияларын орындайтын компания — ред.) энергия жүйесін дамытуға дайын емес.
Екіншіден, Энергетика министрлігінің өзі бұған дайындалмады. Ведомство ең жоғары жүктеме шектеулерін ескере отырып, майнерлер үшін техникалық шарттар беруі керек еді. Ал олар бір сәтте бір апта бойы электр қуатынан ажыратты, бұл ақылға сыймайтын шешім.
Үшіншіден, Салық комитеті нашар жұмыс істейді, өйткені қазір барлық салықтар кассадан тыс өтіп жатыр.
Департамент дереу криптовалюталарды өндіруге қатысты кәсіпкерлікке салық салу туралы нұсқаулық жазуы керек.
Корпоративтік табыс салығы қазіргідей киловатт-сағаттан бір теңге емес, 20% мөлшерінде төленуі тиіс
Мұндай бағалар қайдан пайда болды? Неге 50 теңге емес, бір теңге? — деп сұрақ қойды ол.
Айта кету керек, крипто-фермаларда майнингке арналған машиналар көп жылу шығарады. Бүгінгі таңда сарапшылар оны қандай да бір мақсатта пайдалану туралы айтады — мысалы, крипто фермаларының жанында жылыжайлар ұйымдастырып, көкөністер өсіру. Наурызбаев бұл идеяны жақсы, бірақ өміршең емес деп санайды.
— Егер, мысалы, салықты көтеру оларға тиімді болмаса, майнерлердің Қазақстаннан кету қаупі бар. Бұл жағдайда жылыжайлар “өледі”. Мұндай тәуекелдер кімге керек? Тағы бір нәрсе, майнерлер алған энергиясын қалалық ЖЭО-ға бере алады — мысалы, сол өздері орналасқан Екібастұзда. Бірақ оны ең алдымен қала әкімдігі жүзеге асыруы керек. Алайда, бұл жылу орталығы крипто-ферманың жанында орналасқан жағдайда ғана мүмкін болады. Ал егер алыс орналасса ештеңе істей алмайды, — деп қорытындылады ол.