
23 сәуірде Астанада өткен шарада сауалнаманың таныстырылымы өтті. Үш айға созылатын бұл бастама нәтижесінде 100 үздік кітап тізімі 10 тамыз – Абай күніне орай жарияланады.

Жобаның мақсаты – қазақ әдебиетін сақтау мен насихаттау, отандық авторларды қолдау, халықтың кітап оқуға қызығушылығын арттыру және баспа саласын дамыту.

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин атап өткендей, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай барысында бұл бастаманы қолдап, кітап оқу – озық ойлы ұлт қалыптастырудың төте жолы екенін айтқан болатын.

Сауалнама eGov.kz порталында қолжетімді. Азаматтар сүйікті авторларының шығармаларына дауыс беріп, 10 кітапқа дейін таңдай алады. Елді мекендерде QR-код бейнеленген баннерлер орнатылып, дауыс беруді жеңілдету көзделген.Жоба аясында «Меломан-MARWIN» дүкендер желісі арнайы сыйлықтар ұсынады. Бұл сауалнама – кітап оқу мәдениетін қалыптастырып, қазақ әдебиетінің дамуына тың серпін беретін маңызды қадам болмақ. Жоба Ұлттық құрылтай бастамасымен жүзеге асып отыр.