Нұр-Сұлтан
Қазір
-8
Ертең
-24
USD
515
-10.00
EUR
545
-7.59
RUB
5.17
+0.03

Қазақстан ҰОК фристайлдан Әлем чемпионаты мен Әлем кубогі жүлдегерлеріне құрмет көрсетті

Спортшыларды Қазақстан ҰОК бас хатшысы Андрей Крюков пен Қазақстан шаңғы спорты түрлері қауымдастығының президенті Диас Сүлейменов құттықтады деп хабарлайды Olympic.kz.

8-11 наурыз күндері «Шымбұлақ» тау шаңғысы курортында өткен әлем чемпионатында фристайл-могулдан Қазақстан командасы үш медаль жеңіп алды. Жекелей сында Юлия Галышева күміс жүлдегер атанса, Павел Колмаков қола медальға иелік етті. Тағы бір қола медальді параллельді могулдан 15 жастағы Анастасия Городко жеңіп алды. Ал шаңғы акробатикасынан әлем кубогінің финалдық кезеңінде Жанбота Алдабергенова жеңіс тұғырының үшінші сатысына көтерілді.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысына сәйкес, әлем чемпионаттарында алтын медаль алған спортшылар 15 000 АҚШ доллары, күміс жүлдегерлер 7 000 АҚШ доллары, қола медаль иегерлері 5 000 АҚШ доллары көлемінде ақшалай сыйақыға ие болады. Сондай-ақ, сыйақы фристайл-могулдан Қазақстан командасының бас бапкері Елена Круглыхина мен әлем чемпионаты жүлдегерлерінің алғашқы және жеке жаттықтырушыларына да тиесілі.

Елена Круглыхина қысқа мерзім ішінде Алматыда әлем чемпионатын жоғары деңгейде өткізгені үшін Қазақстан Республикасының Үкіметіне, ҚР спорт және мәдениет министрлігіне, Ұлттық Олимпиадалық комитетке және Ұлттық шаңғы спорты түрлері қауымдастығына барша команда атынан алғыс білдірді.

«Бұл медальдар барша командалық жұмыстың нәтижесі. Біз екінші күні де жүлде алғымыз келді. Сол себепті, біз команда мүшелерінің барлығын жігерлендіріп, әрқайсысының жүлдеге ілігетін мүмкіндігі бар екенін жеткізе білдік. Әрине, біздің спортшыларымыздың әлеуеті мұнымен шектеліп қалмайды. Алдымыздағы ең үлкен дода – бір жылдан кейін өтетін Олимпиада ойындары. Сондықтан, барлық жарыс пен жаттығу жиындары Олимпиадаға бағытталады. Өз жеріміздегі әлемдік сында қазақстандық жанкүйерлерді қуантқанымыз үшін бақыттымыз», – дейді команда бас бапкері.

Юлия Галышева да отандық жанкүйерлерге қолдау көрсеткені үшін алғыс айтуды ұмытқан жоқ.

«Біз осындай салтанатты сәттерде ғана емес, жарысқа дайындық кезінде, жаттығу кезінде, бәсеке басталар алдында да  жанкүйер жылуын сезінеміз. Енді босаңсуға болмайды, әрі қарай жұмыс істемйіз. Өз отанымызда, өз жанкүйеріміздің алдында сынға түсуге мүмкіндік бергені үшін ерекше алғыс айтөым келеді. Өз еліңде бақ сынау жауапкершілікті арттырады, біраз қобалжитынымыз да рас. Ұйымдастыру комитетінің үлкен жұмыс атқарғаны көрініп тұр, барша спортшылар атынан біздің Ұлттық Олимпиадалық комитетке, пандемияға қарамастан біздің жаттығуы жиынымызды үзбей, өз жерімізде чемпионат өткізуге мүмкіндік бергені үшін Тимур Асқарұлы Құлыбаевқа ерекше алғыс айтамын. Көптеген елдерде спортшылардың толыққанды дайындала алмағанын көрген біз үшін бұл қолдау өте маңызды. Мен біздің елімізде үнемі жарыс ұйымдастырылып, могулдың таныла бастағанына өте қуаныштымын. Мұның барлығы елімізде фристайлдың ғана емес, жалпы қысқы спорт түрлерінің дамуына жол ашады», – дейді Юлия Галышева.

Жанбота Алдабергенова барлық жарыс күнінде отандастарының қолдауы ерекше болғанын айта келе, өз жерінде ұтып алған жүлденің орны бөлек екеніне баса назар аударды.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 [email protected], +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз