Нұр-Сұлтан
Қазір
7
Ертең
5
USD
444
-0.47
EUR
475
+0.97
RUB
4.8
+0.04

Қазақстан мен Әмірліктерді салыстырған дұрыс па?

188

1971 жылы Біріккен Араб Әмірліктері тәуелсіздігін алғанда ел құрамына енген жеті әмірліктің халқы небәрі 200 мың адамды құраған. Қазір, 2017 жылы, БАӘ азаматтарының саны 2 миллионға жетіп отыр, яғни, демографиялық өсім 1000 пайызды құрады.

1991 жылы Қазақстан егемендігін жариялағанда, халқының саны 18 миллион еді.

Арада 26 жыл өтсе де нәтиже көңіл көншітпейді — баяғы 18 миллионға енді жеттік. Өсім деңгейі 0 пайыз!

1971 жылы Әмірліктер азаматтарының 1 пайызы ғана жоғарғы білім иесі еді.

Дәл сол кезде Қазақстанда аталған көрсеткіш 60 пайызды құраған. 2017 жылы Дүниежүзі елдерінің ішінде бәсекелестікке қабілеттілік рейтингінде Араб Әмірліктері 15-ші орынға шықса, Қазақстан 53-ші орында жайғасқан. Осы мерзім аралығында әлемдегі ең үздік университеттердің 500-іне Әмірліктердің жеті оқу орны іліксе, қазақстандық ЖОО-лардың біреуі де жоқ ол қатарда.

1971 жылы Біріккен Араб Әмірліктерінде мұнай кеніштерін өндіру тарихы он-ақ жылмен шектелген еді.

Ол кезде Қазақ жеріндегі мұнайдың өндірілгеніне 60 жыл, көмірінің өндірілгеніне 80, мысының өндірілгеніне 50, қорғасынының өндірілгеніне 30 жыл толған еді.

Оған қоса, Тәуелсіздік алғанда БАӘ мұнай байлықтарының 100 пайызы шетелдік компаниялар меншігінде болатын.

Қазақстанда керісінше, Тәуелсіздік алғанда мұнай, басқа да табиғи байлықтардың 100 пайызы мемлекет, демек ұлт меншігінде еді.

2017 жылы Әмірліктер өз мұнай байлықтарына 100 пайыз қожалық етеді. Қазақстанда бұл көрсеткіш 20 пайыз ғана, қалған 80 пайызы шетелдіктер, негізінен АҚШ, Қытай, Ресей, Еуропаның қолында.

Тәуелсіздігін алған шақта Әмірліктер тұрғындарының 95 пайызы кедейлік деңгейінен төмен жағдайда күй кешкен. Бүгінде бұл елде кедейлік деген атымен жоғы былай тұрсын, әр жетінші азамат долларға шаққандағы миллионер.

1991 жылы Қазақ елі Егемендік алғанда жергілікті азаматтардың банктерге немесе шетелдіктерге берешегі мүлдем жоқ болатын.

Ал қазір халқымыздың 85 пайызы банктерге белшесінен қарыз, оған қоса еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейінгі азаматтарымыздың әрқайсысы шетелге 11 мың доллардан берешек.

Жерінің аумағы біздің Жамбыл облысына да жетпейтін Әмірліктер соңғы жылдарда әлемдік дәрежелі 15 еркін экономикалық аумақ, 5 мұнай өңдеу, 4 мұнай-химиялық зауыт, 9 әуежай салып үлгерді (олардың ішінде әлемдегі ең алып Дубай әуежайы да бар).

Ал бізде ше? Соңғы 26 жылда Қазақстанның бір де бір мұнай өңдеу, мұнай-химиялық зауыт тұрғыза алмағаны былай тұрсын, мемлекет тіпті облыстарды сапалы жолдармен байланыстыру, ауыз сумен, газбен қамту секілді бірінші кезектегі қарапайым қажеттіліктерді толық өтей алмады. Есесіне, көрінген жерге ойын-сауық кешендері салынғанына мәз.

Құм мен шөлейт басқан шағын ғана Әмірліктер жерінің тек 2-ақ пайызы ауыл шарауышылығына жарайды. Соған қарамастан, бұл елде жан басына шаққандағы азық-түлік себеті айына 700 долларды құрайды.

Жер аумағы бойынша әлемде тоғызыншы орын иеленгенін ылғи мақтан тұтатын Қазақстанда аталған көрсеткіш 60 доллар ғана!

«Атың шықпаса, жер өрте» демей ме, атам Қазақ?

Егемендік алғалы шенділер Қазақстанды шетелге жарнамалау мақсатында халық қаржысын оңды-солды шашумен келеді. Бірақ оның да нәтижесі бәрібір қынжылтады:

қазір тұтас мемлекет ретіндегі Қазақстанның әлемдік бренді болғаны 175 миллиард доллар тұрады екен.

Осы мерзім ішінде біз сияқты Азиада, ОБСЕ, Экспо-ға шығынданбай, әлеуметтің қажетін өтеп келген Әмірліктердің бренді қазір 403 миллиард долларға бағаланады.

Осының бәріне Араб Әмірліктері жалғыз мұнайдың арқасында ғана қол жеткізді.

Ал аса сауатты халқы бар, ұлан-ғайыр жер иесі, қойнауында мұнай ғана емес, Менделеев таблицасы толығымен дерлік табылатын Қазақстан мұндайды тек армандай алады.

Олай болса, шенділермен келісуге болар, шынында да Қазақстанды Әмірліктермен салыстырудың еш қисыны жоқ.

Шындығында да, барды жоқ қылғанды жоқты бар қылғанмен қалайша теңестіруге болады?

Расул Жұмалы

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз