Нұр-Сұлтан
Қазір
17
Ертең
9
USD
482
0.00
EUR
532
0.00
RUB
5.07
0.00

Қазақстан әскерінің беделін көтеруде қандай іргелі істер атқарылып жатыр?

Қазақтың әскери қолбасшыларының құрметіне оқу гранттарын тағайындау ұсынылды

Депутат бұл ұсынысын барынша байыптап түсіндіріп және де Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақовқа депутаттық сауал жолдаған болатын. Бұл сауалда былай делінген:

 «Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талатын ұлан-ғайыр даланы ғана емес, ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады. Қазақстанның көшпенділері есте жоқ ескі замандар мен орта ғасырларда Еуропа мен Азияның көптеген мемлекеттерінің әскерлеріне күйрете соққы берді. Әрбір қазақ жауынгері бетпе-бет өз қарсыласына әскери таным-білім дәне ерік-жігер тұрғысынан ешқандай есесін жібермеді», – деген еді депутат.

Өз сауалында Нұрлан Дулатбеков сонау жоңғар шапқыншылығы тұсындағы Орбұлақ шайқасындағы (1643 ж.) Жәңгір ханның ерлігін еске салған-тұғын.

Сонымен қатар, көшпелі елдің ат үстінде өткен атақты әйелдерін – Тұмар ханым, Гаухар және Бопай, одан бергі Әлия мен Мәншүкті, даңқты Хиуаздың ел ұмытпас ерлігін атап өткен еді.

Бұдан сырт, депутат аты аңызға айналған Бауыржан Момышұлының Куба әскери құрамаларының құрметті тәлімгері болғанын, оның дәрістері Куба әскерилерінің міндетті оқу бағдарламасына енгізілгенін, ол бағдарлама Израиль, Никарагуа, АҚШ білім жүйелеріне тәржімаланғанын тілге тиек еткен еді.

Депутат өз сауалында осы арқылы еліміздегі әскери оқу орындарында батырларды ұлықтау мақсатындағы патриотизм сабағын енгізу мәселесін қарастыруды ұсынған болатын. Халық қалаулысы бұл ұсынысын былай деп түсіндірген:

 «Қазақтың кешегі және қазіргі тарихындағы көрнекті әскери қолбасшылардың құрметіне, олардың өмір жолы мен қызметін дәріптеп, тек әскери ғана емес, азаматтық мамандықтар бойынша студенттер мен ғалымдарға атаулы грант – стипендияларды тағайындау, мерекелік төсбелгілер дайындауды ұсынамын. Білім беру процесінің барлық сатыларында – аудандық, қалалық, облыстық және республикалық деңгейде қаржыландыра отырып, әскери спорттық ойындарды дәстүрлі түрде өткізу және де тағы басқа шараларды қолға алу Қазақстан әскерінің беделін көтеруде маңызды бастама болар еді».

 

Ал министр не дейді?

Мінекей, депутат Нұрлан Дулатбеков сауалына күні – кеше Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов жауап қатыпты.

Қазақстан әскерінің қазіргі таңдағы имиджін арттыру бағытында қандай жұмыстар атқырылып жатқанын жіпке тізіп шыққан Сәкен Жасұзақов бұл ретте:

«Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери-патриоттық бағытта тәрбиелеуге, әскери қызметті барынша танымал ету және де оның атақ-абыройын арттыруға бағытталған қызметі Қорғаныс министрлігінің ресми сайтында, республикалық және де өңірлік баспасөз құралдарында, сонымен бірге әлеуметтік желілерде (Facebook, ВКонтакте, Instagram, Twitter) және теледидарда тұрақты түрде жарияланады. Әскери-патриоттық бағыттағы деректі фильмдерді, бейнероликтерді және де бейнесюжеттерді түсіру жүргізіледі», – деген екен.

Ведомство басшысының бұлай деуі тегін емес.

Қазіргі таңда елімізде Қазақстан әскерінің абырой-беделін арттыруға бағытталған бірнеше телебағдарламалар бар.

Атап айтар болсақ, осы бағытта «Ақсауыт» («Qazaqstan» арнасынан), «Әскер.кз» («Хабар 24») арнайы бағдарламалары жұмыс істеуде.

«Оларды ақпараттық сүйемелдеу іс жүзінде бар бағдарламалар мен жаңалықтар телеарналары шеңберінде жүргізіледі», – делінген министрдің жауабында.

Сәкен Жасұзақовтың айтуына қарағанда, Қарулы Күштерді өскелең ұрпақ арасында кеңінен насихаттау үшін және де жас ұрпақты әскери-патриоттық тәрбиелеу мақсатында апта сайын Қорғаныс министрлігінің «YouTube-тегі» ресми парақшасында және де «Сарбаз» газеті мен ай сайынғы «Айбын» журналының беттерінде үнемі жарияланады.

 Министр сонымен қатар жауапты ведомство Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі әскери оқу орындарындағы оқу бағдарламаларында өткен дәуірлердегі еліміздің әскери тарихын, орта ғасырлардағы Қазақстан көшпенділері мен Еуразия елдерінің жаңа уақыттағы әскери іс-қимыл өнерінің тарихын зерттеп-зерделеу көзделгенін тілге тиек етті.

 «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әскери-тарихи мұражайының қызметкерлері Астана қаласының оқушыларымен және студенттерімен әскери-тарихи тақырыпта жүйелі түрде танымал профессор, археолог З.Самашевтың «Қола мен темір дәуіріндегі әскери нышандар», профессор А.Қ. Көшкімбаевтың «Алтын Орда кезеңіндегі әскери өнер», көрнекті әскери этнограф, әскери суретші Қ.Ахметжановтың «Қазақ қару-жарағының этнографиясы», «Қазақ хандары мен батырларының соғыс тактикасы» ғылыми дәрістерін, сондай-ақ басқа да танымал ғылым және де қоғам қайраткерлерінің дәрістерін өткізеді», – деп жауап берген екен Сәкен Жасұзақов.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз