Нұр-Сұлтан
Қазір
14
Ертең
14
USD
447
-0.91
EUR
476
-2.17
RUB
4.79
+0.03

Қазақстан 2020 жылы энергетикадағы таза энергия үлесін 3%-ға дейін арттыруға қол жеткізді – Энергетика министрлігі

Фото: Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметінен

2015 жылы Қазақстан әлемнің тағы 193 елінің қатарында БҰҰ-ның 2030 жылға дейінгі тұрақты дамуының жаһандық мақсаттарын іске асыру бойынша өзіне міндеттемелер алды. Адамзат алдына тұрақты дамудың 17 мақсаты қойылды, олар үш компоненттен тұрады — экономикалық, әлеуметтік және экологиялық. Мұнда кедейлік пен теңсіздікті жою және барлық адамдардың энергия көздеріне қол жеткізуі бар.

Энергетика экономикасы

Қазақстан энергетикалық қызметтерге жалпыға бірдей қолжетімділікті қамтамасыз етуде көшбасшылардың қатарына кіргенімен, энергиямен үздіксіз жабдықтау және таза отын түрлері мен технологияларды пайдалану мәселелері әлі де шешілмеген. Кейбір ауылдық жерлерде электрмен жабдықтау жүйесі әлі де нашар.

2016 жылғы ДДҰ баяндамасында Қазақстан халқының 92%-ы тамақ әзірлеу үшін негізінен таза отын түрлерін пайдаланады делінген.

Алайда, 1,5 миллионға жуық адам әлі де ластаушы отынды, соның ішінде көмірді пайдаланады

Отынның таза түрлеріне жаһандық деңгейде көшу үшін Қазақстан елдің газ инфрақұрылымын дамытуы қажет.

Энергетика министрлігінің деректері бойынша, 2019 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша халықты газдандыру деңгейі 49,68%-ға жетті. 2020 жылы газдандырудың 66 жаңа жобасы іске асырылды. Газ генерациясын дамыту шеңберінде көмір ЖЭО-ны табиғи газға ұзақ мерзімді ауыстыру жоспарлануда.

Көмірді газ отынымен алмастыру қоршаған ортаға әсер ету деңгейін ғана емес, сонымен қатар парниктік газдар шығарындыларын да төмендетуге мүмкіндік береді

Бұл мәселе тек мемлекеттік құрылымдарды ғана емес, сонымен қатар жеке секторды, оның ішінде үкіметтік емес ұйымдарды да алаңдатуда.

20 сәуірде Қазақстанда 2030 жылға дейінгі тұрақты дамудың 7-мақсатын  – барлығы үшін арзан, сенімді, тұрақты және қазіргі заманға сай энергия көздеріне қолжетімділікті қамтамасыз етуді іске асыруға арналған онлайн-конференция өтті.

Қалдықтардан электр энергиясы

Жасыл экономика және G-Global-ды дамыту коалициясының атқарушы директоры Асхат Сүлейменовтің айтуынша, 2016 жылы ЖІӨ-нің энергия сыйымдылығы көрсеткіштері бойынша Қазақстан 143 елдің ішінде 119-орынға ие болды. Бұл орын елдің климаттық ерекшеліктеріне, сондай-ақ энергияны соңғы тұтынушыға тасымалдау инфрақұрылымының ұзақтығына байланысты болды.

Көптеген елді мекендер энергия өндіру объектілерінен едәуір қашықтықта орналасқан. Демек, шалғай елді мекендерде энергиямен жабдықтаудың баламалы жергілікті көздерін дамыту қажет.

Асхат Сулейменов, фото greenkaz.org сайтынан алынды

Таза энергияны өндіру және пайдалану жөніндегі жобаны табысты іске асырудың мысалы ретінде Асхат Сүлейменов Ақмола облысының Арнасай ауылын келтірді. Шетелдік инвесторлардың көмегімен онда биогаз қондырғысы салынды, ол жергілікті тұрғындардың Есіл өзеніне малдың көңін рұқсатсыз тастау мәселесін шешті.

– Біз халықтан көңді жинап аламыз, биогаз қондырғысы оны қайта өңдейді. Біз халықтың қажеттіліктері үшін пайдаланатын мүлдем тегін газ аламыз”, — деді сарапшы. – Алдағы уақытта осы газды жинағымыз келеді. Бірақ қосымша қондырғы қажет.

Ең үлкен артықшылығы – бұл көңді өңдегеннен кейін адамдар биогумус түрінде таза тыңайтқышты тегін алып, жылыжайларында немесе бақшаларында қолдана алады

Сонымен қатар, Арнасайда күн коллекторлары орнатылған. Олар қияр мен көк шөптерді өсіретін жылыжайлардың жыл бойы жұмыс істеуі үшін экологиялық таза электр энергиясын өндіреді. Бұл адамдар мен экологияға пайдасы тиетін жасыл технологияларды табысты енгізудің мысалы.

Жергілікті бастамалар

Мәжіліс депутаты Елдос Абақанов Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерінің шағын нысандарының бүкіл ел үшін маңыздылығын түсінбеу мәселесі әлі де сақталып отырғанын атап өтті.

Елдос Абақанов, фото inform.kz сайтынан

– Өкінішке орай, біз қолжетімді электр энергиясы және жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭК) дамыту туралы айтқанда, көптеген адамдар бұл тек үлкен генерациямен және үлкен көлемде электр энергиясын өндірумен байланысты деп ойлайды, — деп атап өтті мәжілісмен. – Бірақ шағын ЖЭК әлеуетін іс жүзінде қолданбаймыз. Оның үстіне,

олар тіпті экологиялық таза энергия көздерін дамыту статистикасында есепке алынбайды. Олар бойынша объективті және шынайы ақпарат жоқ

Жасыл экономика коалициясындағы әріптестер кезінде осы нысандар орнатылған жасыл технологиялар тізімін өздері жасағанын білемін. Сол кезде 2017–2018 жылдары өңірлердегі көптеген фермерлік шаруашылықтар өздерін жергілікті энергиямен жабдықтау үшін ЖЭК орнатқандары белгілі болды. Бұл мақсатқа сай және экономикалық тұрғыдан тиімді, өйткені шалғай елді мекендерді дәстүрлі энергия көздеріне қосу тым көп шығынға әкеледі.

Депутат сондай-ақ, қазір жаңартылатын энергия көздері танымал ету жағдайында мемлекет жаңартылатын энергетика жүйесіне тартылған шағын бизнесті қолдау мәселесін шешуі керек екенін атап өтті.

— Бұл сервис, қызмет көрсету, жабдықтарды пайдалану және әкелу мәселелері, – деді Абақанов. – Үй шаруашылықтары, ШОБ субъектілері немесе фермерлер күн панельдерін немесе жел генераторларын орнатқан, ал олар істен шыққан жағдайда қарапайым түрде бөлшектерін сатып ала алмаған жағдайлар көп болды.

Бір бөлшегінің жетіспеуі бүкіл энергиямен жабдықтау жүйесінің тоқтап қалуына әкеледі

Қазақстан тек қана арттыруға ниетті болып отырған жасыл технологияларға көшудің мәні жоғалуда.

ЖЭК жаңа энергетикалық әлеует ретінде

Энергетика министрлігі ЖЭК департаментінің басқарма басшысы Балтуған Тәжмақина 2025 жылға қарай таза энергия үлесі энергетикалық нарықтың барлық көлемінің 6%-ын құрауы тиіс екенін атап өтті. Қалай болғанда да, ел бірінші мақсатқа — 3%-дық үлеске 2020 жылы қол жеткізді.

— 2021 жылы біз баламалы энергетика туралы заң әзірлеуді жоспарлап отырмыз, — деді спикер. — Осы заң шеңберінде маневрлік қуаттар, жинақтауыштары бар ЖЭК объектілері және елдің гидроәлеуетін дамыту жөніндегі мәселелерді қарастырамыз. 2020 жылдың қыркүйегінде гидроэнергетикалық саланы дамытудың 2020-2030 жылдарға арналған жоспарына қол қойылды. Ол бойынша 2030 жылға қарай таза энергияның үлесі екі есе өседі.

Соңғы өзекті жаңалық — сутегі энергетикасы. Үш кезеңнен тұратын тұжырымдама әзірленуде

  • Біріншісі – жаңа технологиялардың көмегімен сутегі алу
  • Екіншісі – оны тасымалдау және сақтау
  • Үшіншісі – сутегі негізінде отын өндіру және дамыту

Жұмысты ядролық физика институты жүргізеді.

Энергетика министрлігі өкілінің айтуынша, ЖЭК саласындағы аукциондық сауда-саттық бойынша динамика өсуде. Бұл секторға 10-нан астам елдің инвесторлары кірген. Бұл ретте Мемлекет су электр энергетикасын дамытуға баса назар аудара отырып, инвесторларға жеңілдіктер және объектілер құрылысының мерзімдерін созу түрінде қолдау шараларын көрсетеді.

Баламалы және жаңартылатын энергия біртіндеп дәстүрлі энергия көздерін ығыстырады. Қазірдің өзінде осы бағыттың экологиялық қана емес, экономикалық тиімділігін де көрсеткен табысты стартаптардың айқын мысалдары бар. Біз жақын арада олардың бірі туралы айтатын боламыз.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз