Нұр-Сұлтан
Қазір
2
Ертең
0
USD
449
-1.43
EUR
484
-3.48
RUB
4.86
0.00

“Қазақша етіп жібермеңдер…”. Билікке кеңес берген АҚШ елшісі не бүлдірді?

Белгілі журналист Дәурен Қуат осы ойымызды тұздықтай түскен екен. Бұған Ақпарат министрі Дәурен Абаевтың сөзі түрткі болыпты. Ал Абаев не деген? Ақпарат және коммуникациялар туралы заңның жобасына қатысты түзетулерді Мәжіліс депутаттарына таныстырған министр: 

“Қазір 600 мыңдай адам «сұр табақшалардан» ақпарат тартып отыр. Ал, «сұр табақшалардағы» картаның жадында қазақстандық телеарналар қорғалмайды.

Сонда 1,5 миллион адам қазақстандық ақпарат кеңістігінен сырт қалады екен. Демек, Қазақстанның осынша азаматы елімізде не болып жатқанын білмейді”

– депті.

“Сұр табақшалар” деген, кәдімгі  “тәрелкілер” ғой, кабелді телеарналар. Тұтастай болмаса да, дерлігі ресейлік. 1,5 млн. қазақстандық Ресейдің телеарналарын тамашалап, Ресейдің ақпаратымен тыныстап отыр. Құдай біледі, бұл сан одан да көп шығар…

Дәурен Қуат осыған күйінген екен. “Abai.kz” сайтында жарияланған мақаласында Қуат “Қазақстанды Ресейдің губерниясына” теңепті. Мұнысы тегін емес…

“Оқшантайын беліне байлап, Украинаға орыс диаспорасының жоғын жоқтап аттанған азаматтардың бәрі тек Ресей арналарын көріп, барлық оқиғаны сол елдің журналистері берген мәліметтер бойынша білгендерін Семей қаласында болған сот алдында жария етті. Бұл мыңнан бір мысал ғана. Оның өзінде қазақстандық құқыққорғау органдары шетін жайттың ауаға жайылып бара жатқанын көрген соң ғана қимылдады”, – дейді ол.

Қуаттың айтуынша, 

Қазақстан Ресей баспасөз нарығының бір губерниясы сияқты: орыста қандай газет жарық көреді, ол еш тергеу тексерусіз Қазақстанда еркін тарай береді. Орыста қандай телеарана бар, ол еш кедергісіз Қазақстанның ақпарат кеңістігінде хабарын таратып, бағдарламасын көрсете береді. Радиосы да солай.

“Жаңа медиа желілеріне, тіпті, тыйым жоқ. Бір елдің бұқаралық ақпарат құралдарына бір елдің осындай мүмкіндік пен еркіндікті қатар беруі дүниежүзінің тәжірибесінен кездеспейді. Иә, халықаралық телеарналар мен радиотораптары жұмыс істейді. Бірақ, олар мейілінше бейтарап позиция ұстанып, нақты ақпарат берумен шектеледі. Ал, орыс баспасөзі… атамаңыз!

Қазір РФ-дағы мемлекеттік, жартылай мемлекеттік әм коммерциялық БАҚ Батыс әлемімен   «қырғи қабақ соғыс жылдарындағы» жағдайда отыр.

АҚШ азған, Батыс бүлінген…

Батыс әлемінің ит терісін басына қаптайтын толассыз тосын ақпараттар легі қазақстандықтарды да осы күні зомбилеп тастаған. Қазақ азаматы (мейлі ол қандай ұлттың өкілі болсын) қолына қару алып, Ресей үшін қай елмен болса да соғысықа аттануға әзір. Сөйте тұра министр айтқандай, Қазақстанда не болып жатқанынан бейхабар. Қайсыбірі ел аумағындағы жаңалықтарды мұрынын шүйіріп менсінбейді де, қажетсінбейді.

Ал,

тең қақылы азаматтардың өзі тұрып, өмір сүріп жатқан мемлекет шеңберіндегі ақпараттарды қажетсінбеуі, құлақ түрмеуі, мән бермеуі түбі ақпарат кеңістігіндегі алақұлалыққа ғана емес, ұлттық тұтастықтың бұзылуына әкелетін жайтқа айналуы мүмкін.

Жасырып, жауып қайтеміз, біздің елімізде мықты лидердің билігіне мойынұсыну бар да, тұтас бір мемлекеттің азаматтары ретінде топтасу кем. Оның себебі мен салдарын «сұр табақшалардағы» ақпараттардың сұрқынан танып білу қиындық тудырмайды.

«Әңгіменің басын айтқан екенсің, енді аяғын да айт» демекші, министр ақпараттық қауіпсіздік туралы айтып қалған екен, ендеше, «сұр табақшалармен» ғана қалмай, Ресейдің газет-журналдары (ұзын-ырғасы  мыңнан асып жығылады) еркін саудаланатын дүңгіршектердің де есеп-қисабын жасап, оларды да елден ығыстырып шығарудың жолын тапқаны абзал. Ресей баспасөзінің қас-қабағын бағып қана отыратын еліміздегі орыстілді басылымдар мен теле-бағдарламалардың да бағытын айқындап, қайсыбір қажетсізін жауып, келеге келтіргені де жөн.

Әйтпесе, «сұр табақшалардың» орынын «құр табақшалардың» басқанынан не пайда, не қайыр?

Еске түседі. Тәуелсіздігімізді алып, тәуелсіз баспасөзімізді бесігінде тербетіп жатқан кезімізде АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Елбасымыздан бастап биліктегілердің бәріне

«Телеарналарыңды тұтас қазақша етіп жібермеңдер, өйтетін болсаңдар, көрермен аудиторясын жоғалтасыңдар»

деп, өзінше Сэм-ағайлардың салтымен кеңес беріпті. АҚШ-тың өзге кеңесіне көп құлақ түре бермейтін біздің билік әлгі ауаны аса келіспеген кеңеске жабыса кеткен еді, көрдіңіз бе, нәтиженің қандай жағдайға әкеле жатқанын? Ендеше, елдің сөзіне құлақ аса бергенше, өзің ақыл тауып,  анық басқанға ештеңе жетпейді.

   

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз