Күні кеше Халық әртісі, әнші Мақпал Жүнісова таңғы сағат 05.00 шамасында жеке парақшасында видео жариялады.
«Құрметті мені жақсы көретін жандар! Жек көретін жандарға да сәлем беріп қояйын. Жалпы, мен өмірге разымын. Әрбір күнім үшін Аллаға шүкір. Мені даттасаңыздар да жамандасаңыздар да өздерің біліңдер. Шөптің басы бекер қимылдамайды. «Өмір деген қызық қой, қызық жерін сызып қой. Анда-санда бұзып қой» дейді. Бұзатын кездерім болады. Бірақ сіздер мені кешіресіздер. Мен мас емеспін. 1 литр қымыз ғана іштім. Мен де адам баласымын. Үйімнің құрылысы бітпей жатыр. Соған ашуланып қаламын. Жалғыз өзім жүрген қатын емеспін ба?», – деді шоу-бизнес өкілі.
Кейінірек Мақпал Жүнісова кеше таңда жариялаған видеосындағы сөздеріне қатысты халықтан кешірім сұрады.
«Құрметті ағайын, менің таңда айтқан сөзіме кешіріммен қараңыздар. Қазір маған әпкем қоңырау шалып «сен бізді ұятқа қалдырдың, менің сендей сіңлім бар болғанына өкінемін» деп қатты сөздер айтып жатыр. Жарайды. Өмір сүре берсін. Мен де өлемін, мен мәңгілік емеспін. Сүлеймен де өлген, патшалардың бәрі өлген. Басымды қатырмаңдар. Кері қайтсаңдар, кері қайтып кетіңдер! Әкемнің аруағы қолдасын», – деді халықтың сүйікті әншісі.
Ал Мақпал Жүнісованың бұл қылығын видеодан көрген көпшілік әншіге қолдау білдіріп, желіде жазба жариялауда.
«Мақпал Жүнісовадан қайраткер, я ибалы нәзік әйел бейнесін көргісі келетін адам оңбай қателеседі. Ол бар болғаны кісі кейпіне ұласқан әннің өзі ғана. Оның түйеден түскендей сөйлей салатын, басы бар да аяғы жоқ орашолақ ойы – ескен желдей ерке әншінің ақжелең көңілі мен ішкі табиғатының нышаны.
Мақпал – ішкі еркіндік пен сана бостандығына шын көтерілген адам. Оның тік шапшыған байтақ дауысы мен әр нотаны сорғалатқан нәзік дірілі сопының хал ішіндегі бейне бір дәргейі дерсің. Мақпал сыйлайтын рухани ләззат мінәжат пен катарсиске пар. Әнді мәтіндік әм ноталық шеңберден шығарып, мантра мен экстаз деңгейіне дейін жеткізген мұндай өнерпазды бұрын-соңды еш жерден естіген емеспін. Сол үшін де Мақпалды қазаққа бере салған Құдайға мың мадағымды жаудырамын…», – деп жазды ақын Ықылас Ожайұлы желідегі парақшасында.